Жеңімпаздар ақшаның астында қалды

Демалыс күндері Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында спорттың алты түрінен Конфедерация кубогының ақтық бәсекелері өтті, деп хабарлайды SportX.kz.

Жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі дода биыл да спорт жанашырларын бей-жай қалдырған жоқ. Іріктелген үздік командалар арасындағы бәсекелер шын мәнінде көрерменнің көңілінен шықты.

Дзюдо күресінен өткен ақтық сында Атырау мен Қарағанды командалары кездесті. Көріпкелдер мен білгіштер бұл матчтың бәйгесін арқаның балуандарына сыйлап қойған. Бірақ татамидегі белдесулер тым басқаша өрбіп, жас дзюдошылардан жасақталған Атырау облысының ұжымы жеңісті жұлып кетті.

Шаршы алаңдағы тартыстарға ойыссақ, боксшылар бәсекесінде осымен үшінші жыл қатарынан Маңғыстау облысы топ жарды. Ақтаулық былғары қолғап шеберлері өте шиеленісті өткен кездесуде 5:4 есебімен Түркістан облысының алдын орап кетті.

Классика немесе грек-рим күресінен Алматы облысының балуандары өзгелерден мықты болып шықты. Жетісу жігіттері финалда Алматы қаласының өкілдерінен алда болды.

Еркін күрестен өткен ақтық сында Шығыс Қазақстан мен Астана қаласының командалары күш сынасты. Бұл бәсекеде Алтай мен Тарбағатайдай табиғаты әсем өлкенің ұландары озып шықты.

Олимпиадалық ойындардан ойып тұрып орын алған кәрістің ұлттық жекпе-жегі таэквондодан өткен матчтық кездесу Алматы қаласының айқын жеңісімен аяқталды. Әйгілі спорт маманы Қайрат Қырғызбаевтың шәкірттері финалдық сында Түркістаннан келген үміткерлерге дес бермеді.

Төл өнеріміз қазақ күресінен Қарағанды облысының балуандары озды. Арқаның арландары ақтық сында Алматы балуандарынан басым түсті. Конфедерация кубогының жеңімпаздарына 25 млн теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Жеңгендер ақшаның астында қалса, финалға жетіп жығылғандарға көк тиын да бөлінбепті. Әрине, ақтық кезеңге шығып, ел алдында өнер салған спортшылардың сыйақысыз қалғаны өкінішті-ақ.

 

Пікір жазыңыз