Қазақ боксшыларына бүкіл Мәскеу қол соқты (ВИДЕО)

Мәскеуде өткен бокс кеші қазақ былғары қолғап шеберлерінің бенефисіне айналды. Турнирдің көрігін қыздырған төрт жерлесіміз түгел жеңіс тойын тойлады, деп хабарлайды SportX.kz.

Біздің жігіттер Мәскеуге жай барған жоқ. Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4 КО) пен Айдос Ербосынұлы титулдық яғни бокс кешіне сән берген басты жекпе-жектердің кейіпкерлері ретінде қатысты. Бірден айтайық, екеуі де жарады.

Көрермендер асыға күткен басты бәсекеде Нұрсұлтан бауырымыз WBC Asia нұсқасының бірінші орта салмақ дәрежесіндегі вакантты чемпиондық белбеуі үшін филиппиндік Арней Тинампаймен (25-23-1, 11 КО) қолғап түйістірді. Тинампай көпті көрген, тәжірибелі боксшы. Аты жер жарған отандасы Мэнни Пакьяоның шаршы алаңдағы жетістіктеріне Арней Тинампайдың қосқан үлесі зор. Олай дейтініміз Арней көп жылдар бойы атақты жерлесінің спарринг-әріптесі болып келген. Осы жағын ескерсек, Нұрсұлтанға оңай қарсылас тап болмағаны айдан анық. Дегенмен белгіленген он раундқа жалғасқан кездесуге өз бағаларын берген әділ-қазылар алқасы чемпиондық белбеуге Нұрсұлтанды лайық деп таныпты.

Жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген екінші бауырымыз Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) орта салмақ категориясы бойынша WBO Global титулы үшін бельгиялық Илияс Ачеримен (12-4-1, 6 КО) күш сынасты. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек тура белортасына жеткен тұста, бельгиялық боксшы иығынан алған жарақатына байланысты бәсекеден бас тартуға мәжбүр болды. Кездесудің төртінші раундында Айдостың нокдаун алғанын айта кетейік. Бұл эпизодта қазақстандық боксшы соққы алды деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ соққы алмасқан сәтте аяғы шалынып, тепе-теңдікті жоғалтып алғанын байқау қиын емес. Алайда бес раунд бойы басымдық танытқан Айдос, Ачериге бас көтеруге мұрша берген жоқ.

Жартылай жеңіл салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Константин Брусенскийдің кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамы сәтті шықты. Костя алты раундқа есептелген кездесудің екінші бөлігінде ресейлік Дагир Качакаевты, ал ауыр салмақтағы дүлдүліміз Әли Балоев (8-0, 7 КО) Афинни Абиодунды  (6-2-1. 5 КО) нокаутпен ұтты.

 

Пікір жазыңыз

Ваш электронный адрес не будет опубликован.