Жапонияға жол бердік

Ресейдің  Челябі және Златоуст қалаларында 20 жасқа дейінгі қыздар арасында су добынан халықаралық турнир өтуде. Челябі облысы губернаторының Кубогы үшін жарысты еліміздің құрамасы сәтсіз бастады, деп хабарлайды SportX.

Бірінші ойынды турнирдің былтырғы жеңімпазы Златоуст қаласының «Динамо-Уралочка» клубымен өткізген қазақстандық су добы шеберлері 8:6 есебімен ұтылып қалды. Ұзақ уақыт бойы алаң иелерімен салғыласып баққан жерлестерміз, түбі соңғы минуттарға дейін өзгермей келген  тең нәтижені  ұстап қала алмады. Екінші турда біздің бұрымды қыздарға жапониялық құрбылары қарсы тұрды. Бұл кездесуде де жолымыз болмады. Соңғы минуттарға дейін жалғасқан тартысты бәсекеде, жеңіске деген жігерлік таныта білген Жапония құрамасы алдымызды орап кетті. Есеп-12:13. Жеңілгеннің сөзі құрысын деп жүрмеңіздер, дегенмен Ресейдегі турнирге  жапондықтар Азия ойындарына дайындалып жатқан құрамымен келгенін айта кетейік.

Әзірге екі реттен жеңіске жеткен Жапония мен «Динамо-Уралочка» турнир кестесінде көш бастап тұр. Ресей жастар құрама командасы мен Голландияның да аяқ алыстары жаман емес. Олар алғашқы турда сүрінген жоқ.  Қазақстан, Өзбекстан, және Хорватия көш соңын алып келеді. Бүгін Қазақстан —  Өзбекстан және Жапония — Динамо-Уралочка» командалары күш сынасады.

 

Пікір жазыңыз