Жанболат белдесудің соңғы секундында жеңісті жұлып алды(ВИДЕО)

Багам аралдары астанасы Нассауда дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтуде. Екінші жарыс күні 73 келіде белдескен қазақстандық дзюдошы Жанболат Бақбергенов әлемдік доданың қола жүлдесін иеленді, деп хабарлайды SportX.kz

Бір күн ішінде татамиде алты кездесу өткізген Жанболат, оның бесуінде жеңіске жеткен. Дегенмен ақтық сынға бір табан жетпей тоқтаған жас дзюдошы ел қоржынына алғашқы медальды салып берді. Жанболат жүлделі үшінші орын үшін өткен белдесуде ресейлік Давид Гамосовпен кездесті. Біріне-бірі сай екі дзюдошы арасындағы белдесудің соңғы секундтарында қарсыласын атып ұрған Бақбергенов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осы салмақта күш сынасқан екінші отандасымыз Гайнуллин жүлдесіз қалды.

Жарыс шымылдығы түрілген күні 48 келі салмақта өнер көрсеткен Ғалия Тынбаева мен 60 келідегі мықтымыз Бауыржан Нарбаев үздік бестіктің қатарынан орын тепті.

Әзірге Нассаудағы жарыста Жапония, Украйна және Әзербайжан дзюдошылары сәтті өнер көрсетуде.

Жалпы 2018- жылғы әлем чемпионатында 67 мемлекеттен 427 үміткер сынға түсуде.

Пікір жазыңыз