Жаңа жобадан жол таппадық (ВИДЕО)

Грузиядан ұтылған Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА-ның Ұлттар лигасымен қоштасты. Тбилисде өткен өз тобындағы соңғы ойында жерлестеріміз алаң иелерінен 1:2 есебімен жеңілді, деп хабарлайды SportX.kz

Ұлттар лигасы аталаған жаңа жобада еліміздің бас командасы Д дивизионының бірінші тобында өнер көрсетті. Ойлап қарасақ, сүйретіліп көш соңында жүретін құрамаларға Ұлттар лигасының берері көп. Өйткені ортаңқол немесе футбол өнері кенжелеп қалған елдердің құрамалары үшін Ұлттар лигасы, Еуропа чемпионатына алып баратын «алтын көпір» іспетті. Мұндағы іріктеу ойындары деңгейлері шамалас құрамалар арасында өткізіледі. Мысалы, Қазақстан құрамасы Еурододаның іріктеу ойындары аясында Испания немесе Францияға қарсы ойнамайды. Олар бар жерде Қазақстан сияқты елдің Еурододаға қатысуы екіталай. Осы жағын ескерген УЕФА  «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей жаңа жоба арқылы ұлттық құрамаларға тамаша мүмкіндік беріп отыр.

Ұлттар лигасының алғашқы маусымы да зыр етіп өте шықты. Жолы болғандар алғашқы пойызға жайғасса, біз баяғы өзімізге жақсы таныс станцияда тағы да қалып қойдық. Әйтпесе, жаңа жоба аясында жағдайлары өзімізбен қарайлас Грузия, Латвия және Андорра сияқты елдермен күш байқасып көргенбіз.

Тбилисидегі соңғы ойын екі команда үшін жай формальды матч болған. Осы топтың лидері атанып үлгерген Грузия плей-офф кезеңіне жол тартса, Қазақстан 6 ұпаймен екінші орынды місе қылды. Ендігі үмітімізді келер жылдармен яғни жаңа маусыммен байланыстырғаннан басқа амал жоқ.

Пікір жазыңыз