WSB: «Астана Арланс»-«Куба Домадорес» (ВИДЕО)

Ертең Қытайда Бүкіләлемдік бокс сериясының финалдық матчы өтеді. Осымен екінші жыл қатарынан ақтық сында «Астана арландары» мен «Куба батырлары» күш сынасқалы отыр, деп SportX.kz

Алдағы финалдық айқастар қыркүйектің 26-28 аралығында Сяомын және Цзинцзян қалаларында өтеді. Екі кездесуден тұратын матчтық бәсекенің нәтижесі бойынша жеңіске жеткені Дүниежүзілік бокс сериясының жеңімпазы атанады. Қос кездесудің нәтижесі тең көрсеткішпен аяқталған жағдайда, қосымша тағы бір жекпе-жек өткізіледі. Бұл бәсекеде 64 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар жұбы бақ сынайды.

Куба финалдық матчты өз елінде немесе қазақ жерінде өткізуден мүлдем қарсы болған. Өзінің жерінде әркімнің бүйрегі өзіне бұрып тұратыны рас, сондықтан бұл мәселе бойынша кубалықтармен толықтай келісеміз. Сонымен екінші жыл қатарынан финалдық жұпты құраған қос команда, Қытайда кездесетін болды. Мұның алдында финалдық матчты қабылдауға Дубай да ниет білдірген екен. Алайда командалық бәсекені қабылдау құрметі Қытайдың еншісіне бұйырыпты.

Естеріңізге сала кетсек, WSB жартылай финалында «Астана Арланс» британиялық «Бритиш Лайнхартстен», ал «Куба Домадорес» франциялық «Франс Файтинг Рустерстен» басым түскен.

Астанада өткен былтырғы ақтық сында 6:5 есебімен астаналық арландар жеңіске жеткен. Қазақ жерінде минималды есеппен ұтылған Куба, биыл есе қайтаруға күш салатыны анық.

Алғашқы оқу- жаттығу жиынын елордада пысықтаған «Астана арландары», соңынан Астана қаласының құрамасымен спаррингтік жекпе-жектер өткізді. Кубалықтар да қарап жатқан жоқ.  Олар Мәскеуде Ресей құрамасымен бір емес екі рет күш сынасып көреді. Жолдастық кездесулерде Ресейдің ұлттық құрмасы басымдық танытты.

«Астана арландары» құрамы мынадай:

49 келі: Теміртас Жүсіпов

52 келі: Сәкен Бибосынов

56 келі: Ілияс Сүлейменов

60 келі: Закир Сафиуллин

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов, Ділмұрат Мижитов

69 келі: Асланбек Шымбергенов

75 келі: Әбілхан Аманқұл

81 келі: Бек Нұрмағамбетов

91 келі: Нұрбол Алтаев

91+ келі: Қамшыбек Қоңқабаев

Бас демеуші- «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз