Волейбол. Азияда тәуірміз, ал Еуропаға шықсақ…..

Волейболдан еліміздің ұлттық құрамасы «Шақыру Кубогы» жолындағы финалдық доданың бірінші матчында Эстонияға есе жіберді, деп хабарлайды  SportX.kz.

Төрт сетке жалғасқан Португалиядағы матч- 22:25, 25:19, 19:25, 20:25 есебімен  эстондардың пайдасына шешілді.

Жалпы Португалиядағы финалдық турнирде -Куба, Чехия, Португалия, Эстония, Қазақстан және Чили құрамалары күш сынасуда. Алғашқы раундтағы ойындар екі топта өтіп жатыр. Оның бірінде Португалия, Қазақстан, Эстония үштігі , ал екінші топты Чехия, Чили және Куба құрады. Жарыс ережесіне сәйкес өз тобында бірінші және екінші орынды иеленген құрамалар бас бәйге жолындағы жарысты одан әрі жалғастырады.

Бізді ұтқан Эстония алғашқы жарыс күні 0:3 есебімен алаң иелеріне жол бергенін ескерсек, Португалиямен өтетін алдағы ойын жерлестеріміз үшін оңай тимейтін түрі бар. Мәртебелі турнирдің келесі раундына өту үшін Игорь Никольченконың командасы алаң иелерін 3:0 есебімен жеңуі тиіс.Тек осындай нәтиже ғана Қазақстанды жартылай сынға алып шыға алады.

«Шақыру Кубогының» жеңімпазы Ұлттық лига жолындағы плей-офф ойындарына қатысады.

2018 жылы Халықаралық волейбол федерациясы Әлемдік лига мен Әлемдік Гран-приді басқаша түрлендеріп, нәтижесінде ерлер және әйелдер құрамаларына бірдей Ұлттық лига аталатын жаңа турнир пайда болды. Жыл басында Азия волейбол конфедерациясы Шақыру Кубогына қатысатын командалар үшін арнайы іріктеу форматын бекітті. Онда Ұлттық лигадан тыс қалған және  AVC рейтингі бойынша үздік төрт құрама Шақыру Кубогына берілетін жалғыз жолдаманы өзара сарапқа салатын болып шешілген.

Сонымен Алматыда өткен жаңа турнир аясындағы іріктеу додасында — Пәкстан,Тайпэй және Қазақстан ерлер құрама командалары, ал әйелдер тобында  Аустралия, Тайпэй және еліміздің бұрымды волейболшылары күш байқасты. Осы сында біздің қос команда да үздік шығып финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Бірақ визаға қатысты мәселе дер кезінде шешілмегендіктен еліміздің әйелдер құрамасы финалдық додадан шет қалуға мәжбүр болды.

Ойын кестесі

Шақыру кубогы (Challenger Cup)
Порту, Португалия
20-24 маусым (Астана уақыты бойынша)

20 маусым
18-00 (23-00) Куба — Чехия
21-00 (02-00) Португалия — Эстония

21 маусым
18-00 (23-00) Эстония — ҚАЗАҚСТАН
21-00 (02-00) Чехия — Чили

22 маусым
18-00 (23-00) Чили — Куба
21-00 (02-00) ҚАЗАҚСТАН — Португалия

23 маусым
18-00 (23-00) 1А — 2В
21-00 (02-00) 1В — 2А

24 маусым
18-00 (23-00) 3-4 орындар
21-00 (02-00) Финал 1-2 орын.

Пікір жазыңыз