Ұлттық Лига: Шабуылмен өткен 90 минут (ВИДЕО)

Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Андорраны 4:0 есебімен тізерлетті. Д дивизионының бірінші тобында өнер көрсететін еліміздің бас командасы біртіндеп өз ойынын тауып келе жатқандай, деп хабарлайды SportX.kz.

Ұлттық лига аясындағы бәсекенің төртінші турында Станимир Стойловтың шәкірттері «Астана-Аренада» Андорраны қабылдаған. Кездесуді ширақ бастаған жерлестеріміз көп ұзамай-ақ есеп ашып алға шықты. Матчтың 21- минутында команда капитаны Бауыржан Исламхан шығарған пасты 18 жастағы шабуылшымыз Еркебұлан Сейдахмет қақпаға дәл бағыттай білді. Көп кешікпей «Уфа» клубының намысын жыртып жүрген Сейдахмет екінші голға ұйытқы болды. Еркебұланнан жеткен допты голға асырған Бауыржан Тұрысбек таблодағы нәтижені 2:0 жеткізді.

Алаң иелері кездесудің екінші бөлігінде де шабуылды үдетпесе тоқтатқан жоқ. Бүгінгі ойынды жоғары деңгейде өткізген Бауыржан Исламханның сол қанаттан жасаған шабуылдарының бірі күтпеген голмен аяқталды. Сол қапталдан суырылып алға ұмтылған Бауыржанның айып алаңына көлденеңінен тарта тепкен добы абайсызда қақпашының кеудесіне тиген бойы қақпа торында тулап қалды.

Үш голдың әсері болар қонақтардың жүйкесі сыр бере бастады. Кездесудің 62- минутында екінші рет сары қағаз алған Жорди Алаэс ойыннан қуылып, андорралықтар алаңда он ойыншымен қалды. Не керек асып-сасқан қонақтарымыз матч соңына дейін тағы бір гол жіберіп алды. Бұл допты ойынға кейіннен қосылған Роман Мұртазаев салды. Есеп- 4:0.

Өзімізге қажетті үш ұпайды қоржынға салып алған соң, тобымыздың лидері Грузияның ойынын күткенбіз. Осы күні грузин футболшылары Ригада Латвия құрамасымен кездескен. Өкінішке орай біздің Грузияға қатысты «мысық тілеуіміз» орындалмады. Латыштардың қақпасына жауапсыз үш гол соққан Гүржі елінің футбол баһадүрлері мерзімінен бұрын біздің топтың жеңімпазы атанып үлгерді.

Қазақстан құрамасы келесі ойынын 15- қарашада өз алаңында Латвиямен, одан соң араға төрт күн салып Грузиямен күш сынасады. Сонымен Ұлттық лиганың топтық раунды да өз мәресіне жетеді.

Пікір жазыңыз