Ұлттар лигасынан құр қалдық

Ұлттық лига аясындағы бәсекенің бесінші турында Станимир Стойловтың шәкірттері «Астана-Аренада» Латвияны қабылдап, тартысқа толы бәсеке тең есеппен аяқталды, деп хабарлайды SportX.kz

Д дивизионының бірінші тобында өнер көрсетіп жатқан еліміздің бас командасы бірінші таймда жақсы қырымен танылған. Қарсы қақпаны үнемі нысанаға алумен болған жерлестеріміз кездесудің 37-минутында өз дегендеріне жетті. Жанкүйерлерді бір желпінтіп тастаған бұл голды қашан көрсең жан-тәнімен беріліп ойнайтын Ғафуржан Сүйімбаев соқты. Оның айып алаңына жете бере шірене тепкен добы қақпаның алыс бұрышынан табылды. Ұлттық құраманың алғашқы кезеңдегі аяқ-алысына сүйсінген жұртқа, жеңістің ауылы жақындай түскендей болған. Сөйтсек, қателесіппіз. Үзілістен кейін есепті еселеу қолдан келмей, керісінше өз қақпамызға доп жіберіп, бәсеке 1:1 есебімен қорытындыланды. Онсызда келесі кезеңнен күдерін үзген яғни өз тобынан шыға алмаған жерлестеріміз шашбауын көтерген жанкүйерлерінің сенімін ақтай алмады.

Қазақстан — Латвия — 1:1(1:0)

Голдар: Ғафуржан Сүйімбаев 37 — Денис Ракель 49′

Өз тобындағы соңғы матчты еліміздің бас командасы төрт күннен кейін Грузияға қарсы өткізеді. Сонымен Ұлттық лиганың топтық раунды да өз мәресіне жетеді.

Пікір жазыңыз