Уимблдонда біз күйіп-пісетін теннисші қалмады

Жүлде қоры 34 000 000 фунт стерлингті құрайтын Уимблдон турнирі экваторынан асып қалды. Айтулы турнирге жолы түскен қос теннисшіміз де жарыстан ерте қол үзді. Есесіне Роджер Федерер, Новак Джокович, Рафаэль Надаль, Хуан Мартин дель Потро сынды дүлдүлдер жарыс көрігін қыздыруда, деп хабарлайды SportX.kz.

Еліміздің бірінші ракеткалары Юлия Путинцева мен Михайл Кукушкин алғашқы айналымнан сүрінбей өткен. Бірақ келесі ойында Юлия ресейлік құрбысы Дарья Касаткинаға есе жіберсе, Михайл өз кезегінде әлемнің үздік теннисшісі Рафаэль Надальға жол берді.

Бүгін Уимблдон корттарында қызықты бәсекелер орын алатын түрі бар. Соның бірінде ресейлік талабы таудай теннисші Карен Хачанов, Уимблдонның үш дүркін жеңімпазы серб Новак Джоковичпен күш сынасады. Аргентина теннисінің лидері Хуан Мартин дель Потро француз Жиль Симонды сынаққа алса, швейцариялық әйгілі шебер Роджер Федерер тағы бір француз Адриан Маннариномен кездеседі. Лондондағы байрақты дода 15-шілдеге дейін жалғасады.

 

 

Пікір жазыңыз