Хошиминде (Вьетнам) таэквондодан Азияның кезекті чемпионаты мәресіне жетті. 2016-жылғы олимпиадалық ойындардың салтанатты ашылу рәсімінде көк байрақты көтеріп шыққан Руслан Жапаров, Хошиминде күміспен күптелді, деп хабарлайды SportX.kz.
Чемпионаттың соңғы жарыс күні қазақстандық таэквондо жекпе-жегінің шеберлері ел қоржынына екі медаль салып берді. Руслан Жапаров күміс, ал Мереке Жүнісованың еншісінде қола жүлде. 87 келі салмақ дәрежесіндегі ақтық бәсекеде жерлесіміз Руслан Жапаров, оңтүстік кореялық Ин Кью-Донға жол берді. Әйелдер арасындағы додадан бізге бұйырған жалғыз медальдың иегері Мереке Жүнісова(+73 келі) жүлделі үшінші орынды ирандық құрбысы Зухре Пуресмайлмен бөлісті.
Жалпы командалық есепте еліміздің ұлттық құрамасы(1-алтын,1-күміс және 2 -қола ) бесінші орыннан табылды. Азияның 2018 жылғы чемпионы деген атаққа шымкенттік Смайыл Дүйсебай (87 келі) лайық болып шықса, астаналық Айтуар Шайкенов (54 келі) салмақта қола медальды қанағат қылды.
Командалық бірінші орынды Оңтүстік Корея (7-2-8) , екінші сатыға Қытай (4-2-2), ал үздік үштікті түйіндеген Өзбекстан (2-1-5) құрамасы болды.