Тоғызқұмалақ- қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны

Қарағандыда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтіп жатыр. Сарыарқа төріне еліміздің шартарабынан тоқсаннан астам тоғызқұмалақ шеберлері жиналыпты, деп хабарлайды SportX.kz 

Алдымен қазақ халқының ескі мұрасының бірі- тоғызқұмалақ жайлы кіші-гірім мәлімет бере кетелік. Тоғызқұмалақ бүкіл Орта Азияда, әсіресе қазақ пен қырғыз халықтары арасында кең тараған. Ұлтымыздың мұрасына айналған ойынның шығу тарихы жайлы мәліметтер көп емес. Соңғы деректерге сүйенсек, шығу тарихы төрт мың жылдық кезеңді қамтиды. Ең бастысы тоғызқұмалақ ойынында қазақ халқынның бай тарихы, этнографиясы, ұлттық дүниетанымы тұнып тұр. Екіншіден бұл ойын адамды тапқырлыққа үйретеді. Миды шыңдайды.

Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бері тоғызқұмалақ спорты жақсы жолға қойылып, жылдан-жылға даму үстінде. Жаңадан құрылған қауымдастықтың күшімен жер-жерлерде үйірмелер ашылып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұрады. Қарағандыдағы өтіп жатқан ел чемпионаты осы сөзімізге жақсы дәлел. Биылғы чемпионаттан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де шет қалмапты. Тәжірибелері мен жиған тергендері мол шеберлердің  жастарға берері көп. Олар ұлттық ойынымыздың одан әрі дами түсуіне өзіндік септігін тигізетіні анық. Биылғы жарыста үздік нәтиже көрсеткен спортшылар келесі жылы Тұркияда жалауын көтеретін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Ендеше әлемдік доданың жолдамалары сарапқа түсетін ел чемпионатынан қызықты да тартысты ойындар күтеміз.

 

Пікір жазыңыз