Шыңғыс пен Мақсат ағаларымен айқасуға дайын

Қазақстанның беткеұстар таэквондо шеберлері түгел Шымкентке ағылуда. Ертең шырайлы шаһарда ел біріншілігі жалауын көтереді, деп хабарлайды SportX.kz.

Еліміздің шартарабынан жиналған үміткерлер чемпиондық атақпен қатар ұлттық құрамадағы жылы орындар үшін таласқа түседі. Шымкенттегі жарыста ұзын-саны 235 таэквондошы бақ сынамақ көрінеді. Олардың арасында халықаралық додаларда атой салып жүрген Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай, Нұрлан Мырзабаев және Жансель Дениз сынды мықтылар бар. Өз кезегінде олармен иық тіресуге жарап қалған жастарымыз үшін алдағы ел чемпионаты үлкен сын болмақ. Сонымен қатар ерекше көзге түсіп жүрген жасөспірімдерге осы жолы ересектер додасында өнер көрсетуге рұқсат етіліпті. Атап айтқанда халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Шыңғыс Сәндібаев пен Мақсат Қаби алғаш рет ағаларымен күш байқасып көретін болады.