«Реал» үшінші жыл қатарынан ЧЛ ақтық сынына жолдама алып отыр

Король клубы қос  ойын нәтижесі бойынша баварлық футбол баһадүрлерін басып озды. Мюнхендегі   алғашқы бәсекеде алаң иелері 1:2 есебімен қонақтарға есе жіберген еді. Сондықтан Хайнекестің шәкірттері  бүгінгі кездесуде  тәуекелге бел буса, Зидан мен оның командасы Мюнхендегі нәтижені ұстап қалуға тырысты.

Қарымта матчқа тас түйін болып шыққан «Бавария» көп кешікпей-ақ алаң иелерін сан соқтырып кете барды. Бұл эпизодта сол қанаттан басталған шаубылды нәтижелі соққымен аяқтаған Джошуа Киммих  көзге түсті.  Баварлық қорғаушының голы, екі клуб арасындағы теке-тіресті қайта жандандырды. Бірақ  сәтті аяқталған шабуылдан кейін сылбыр ойынға көшкен қонақтар, көп ұзамай сан соғып қалды. Кездесудің 11- минутында Марсело шығарған допты торға дөп түсірген Бенземе таблодағы есепті теңестірді. Осы голдан кейін есін жиған «Бавария» шаубылды қайта үдете  түсті. Бірақ үзіліске дейін таблодағы есепті  өзгерту мүмкін болмады. Екінші таймның басында баварлық қақпашының қателігін епті пайдаланған Бензема , екінші рет мергендік танытты. Дегенмен  шабуылды тоқтатпаған неміс футболшылары, Навас қорғаған қақпаға қауіп төндіруден танған жоқ.Нәтижесінде  кезекті бір шабуылға нүкте қойған Хамес таблодағы есепті теңестіріп кетті. Бұдан кейін де баварлықтар алаң иелерінің айып алаңын ойқастаумен болды.  Осы тұста қонақтардың небір соққыларына тосқауыл бола білген Навастың шеберлігін айта кеткен жөн. Не керек бүгінгі бәсеке 2:2 есебімен аяқталып, қос ойын нәтижесі бойынша «Баварияның» алдына түскен «Реал» ақтық сынға жол тартты.

Пікір жазыңыз