Расул, қазаққа қайта шаппақ!

АСВ (Absolute Championship Berkut) промоушені посткеңестік спорт жанкүйерлеріне тосын сый жасағалы отыр. Жылына 20-25 жарыс өткізіп жүрген танымал промоушен 10- қараша күні Мәскеуде 90-турнирін өткізбек. Осы күні сегізбұрыш ішінде қазақтың «сұңқары» Арман Оспанов пен дағыстандық «қара жолбарыс» Расул Мирзаев күш сынасады, деп хабарлайды. SportX.kz.

ММА- бұл күндері спорт атаулының алдына түсіп барады. Әрине, біздің бұл пікірімізді бір жақты түсінуге тағы болмайды. Бұл жерде спорттық жарыстардың форматы мен деңгейі және жалпыға ортақ тұстарын ескерген жөн. Мысалы бұхаралық сипат алған командалық ойындардың (Баскетбол, шайбалы хоккей, футбол,бейсбол…) жөні бөлек. Үлкен футболды алсақ оның ішінде әлем чемпионаты мен Еуропалық турнирлердің аясы яғни аудиториясы үлкен. Сонымен қатар ондағы ақша айналымы миллардтап саналады. Ал жекпе-жек түрлері арасында кәсіпқой бокс әлемі өз алдына үлкен бір дүние. Соңғы жылдары осы боксқа альтернатива ретінде, аралас жекпе-жек спорты ерекше қарқын алып келеді. ММА жаңадан пайда бола қалған жоқ, тарихқа көз жіберсек тамыры тереңде жатыр. Әрине бұл өз алдына бір әңігме. Аралас жекпе-жектің кәсіпқой бокс әлеміне өзіндік ықпал тигізгені сөзсіз. Аралас жекпе-жек өзінің даму жолында кәсіпқой бокстан алғаны көп. Бокстағы секілді мұнда да түрлі тұжырымдар мен лигалар құрылып, олар өздерінің титулдық жекпе-жектерін ұймыдастырып жүр. Кезінде бокс немесе күрес түрлерімен айналысқан спортшылар ММА тез арада өсіп өркендеуіне үлкен ықпал жасады.Не керек АҚШ тан бастау алған бүгінгі ММА келе-келе Азия мен Еуропаға, одан әрі бізге де келіп жетті.

Әңгімені көп созбай спорт сүйер қауым асыға күтіп жүрген Арман мен Расулдың жекпе-жегіне ойысайық. Күні кеше ғана ресейлік АСВ промоушені жабылады-мыс деген сыбыс шыққан еді. Шығынға батқан лиганың  қазан айында жарыс өткізуге дайындалып жатқанына қарағанда, жағдайларын түзеп алған-ау шамасы. Промоутерлік компанияларды басқарып отырғандар нағыз бизнестің мамандары. Олардың көздегені пайда. Қайда ақша, олар сонда. АСВ сарапшылары Арман мен Расулды бекерге таңдап отырған жоқ. Мұнда үлкен гәп бар. Аты-шулы Расул Мирзаевтың жалғыз өзі көпке татиды. Дағыстандық сарбаздың шеберлігіне шүбә келтіре алмаймыз. Ол- қара күші басым,белдесуден де аяқ-қолмен соққы жасаудан да өте шебер. Арман Оспанов одан аспаса, кем түспейді. Арман әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы атанса, Расул  мұндай атақты екі рет иелеген. Екі сарбаз өзара осыдан үш жыл бұрын кездесетін болған. Ол жылдар Арманның нағыз спорттық бабында жүрген кезі еді. Оспановтан  тайсақтады ма, Алматыда ұйымдастырылған жарысқа Расул Мирзаев келмей қалды. Содан бері екі сарбазға қатысты мәселеге нүкте қойылған.

Арадағы үш жыл ішінде жамбастары жер иіскемеген қос мықты, жеңілістің де ащы  дәмін татып үлгерді. Бірақ мойыған олар жоқ. АСВ аясындағы турнирдегі алғашқы бәсекесінде жапон жігітін сұлатқан Арман, келесі жекпе-жегінде Полпудниковтан ұтылып қалды. Ұтылған жоқ, Мәскеудегі жарыстың басы-қасында жүргендер Арманның қолындағы жеңісті, көздерін шырт жұмып, орыс оғланына ұстата салды. Мұның алдында Сочидегі турнирде Арман Оспановтың  Алексей Полпудниковті Ресей президенті Путиннің алдында бір соққымен еденге сұлатып салғаны бар. Мұны қалай ұмытсын, не керек олар  Алексейдің қазақтан екінші рет ұтылғанын қалаған жоқ. Саясаттың салқыны демеске не шара. Әйтпесе, АСВ қожайындары шешен азаматтары ғой, шындықты айтуға олардың да құдіреті жетпеді.

Көпке дейін Fight Nights Global промоушенінде өнер көрсетіп келген Мирзаевтың, кенеттен АСВ қатарына өтіп алуы да тегін емес. Осыған қарағанда лиганың сарапшылары Арман Оспанов-Расул Мирзаев арасындағы матчты көптен бері көздеп жүрген болу керек. Оның бірі ұшын кезіндегі Естанов-Мирзаев арасындағы теке-тірестен іздегеніміз дұрыс сияқты. Себебі Мирзаев біздің жерлесімізді бір емес екі рет ұтып, қазақ жанкүйерлерінің есінен шықпайтындай таңба басып кеткені бар. Ержан екінші рет ұтылған тұста, күйіп-піскен жанкүйерлер Расулдан есе қайтаратын сарбаз іздеді. Ол кезде Расулдай мықтыға төтеп беретін қазақ болса, ол-  Арман Оспанов еді. Сол кезден бастап көпшілік Арман мен Расулдың жекпе-жегін асыға күтті.  Бірақ жоғары да айтып кеткеніміздей, Алматыдағы ел күткен суперматчқа Расул келмей қалды.

Бәрін айт та бірін айт демекші, Арман Оспанов алдағы бәскеге дайын ба? Басты мәселе осы. Өйткені көрерменнің сүйікті спортшысына айналған Армандай сарбазға алдағы жекпе-жек үлкен сын болғалы тұр. Мәскеудегі бәсеке Арманның спорттық карьерасындағы ең маңызды кездесу болуы да мүмкін. Спортшының айналдырған үш ай ішінде бабына келуі оңай емес. Оның үстіне көптен бері  октагонға шықпағаны бар. Расулдың жағдайы да дәл осындай. Дағыстандық «қара жолбарысты» теміртордың ішінен соңғы рет 2016-жылы көргенбіз. Fight Nights аясында өткізілген турнирде Расул Мирзаев  грузиялық Леван Макашвилиден ұтылып қалған.

АСВ бүгінгі жағдайы жайлы тон пішу қиын. Бір тоқтап, қайта оталған ұйым, ертең-ақ жоспарын күрт өзгертіп жіберуі ғажап емес. Бірақ Арман Оспанов- Расул Мирзаев арасындағы жекпе-жек, ММА тарихында өз орнын ойып алатын елеулі оқиғаға айналатынына күмән жоқ.

 

 

 

Пікір жазыңыз