Қытай мен Ресей қазақтары UFC есігін қағып қойды (ВИДЕОЛАР)

Ресейлік М-1 Global компаниясының жеңіл салмақтағы чемпионы Дамир Исмағұлов (16-2) әлемдегі №1 промоушен UFC келісім шарт жасаған екінші қазақ атанды. Орынборлық қандасымыз әйгілі лигадағы бірінші жекпе-жегін 23- жасар аустралиялық сарбаз Алекс Горджеске қарсы өткізеді, деп хабарлайды SportX.kz

Исі қазақ үшін бұл үлкен жаңалық. UFC (Ultimate Fighting Championship) алаңына қазақ батырлары шығып жатса, біз үшін үлкен абырой емес пе. Әлемдегі ең мәртебелі ұйымның есігін алғаш қаққан қазақ — Жұмабек Тұрсын. 2014 жылы қытайлық қандасымыз әлемдегі ең үздік промоушенде өнерін ортаға салып, барша қазақты бір қуантқан. Бірақ Жұмабектің мұхиттың арғы бетіне сапары ұзаққа бармады. Онда үш кездесу өткізген бауырымыз бірінде жеңіске жеткенімен, екі бәсекеде есе жіберді. Дегенмен Жұмабек Тұрсынның өнерін бағалай білгеніміз жөн. Біз үшін Жұмабек UFC -ге жол ашқан тұңғыш қазақ болып қала береді. Міне, оның соңынан Дамирдей батырмыз шығып отыр. Олар қай елдің азаматы болмасын, ең бастысы бәріміз қарға тамырлы қазақ ұлтының өкілдеріміз.

Шетте жүрсе де қазақ елін аузынан тастамай жүретін, ұлтжанды бауырымыз Дамир Исмағұловтың алғашқы жекпе-жегін UFC Fight Night 142 турниріне тура келіпті. Аустралия Аделайда қаласында өтетін алдағы турнир 1-желтоқсан күні өтеді. 70 келі тартатын Дамир осы кеште  жеңілістің ащы дәмін татпаған жергілікті сарбаз Алекс Горджеспен (7-0) кездеседі.  Алдағы жарыс екі сарбаз үшін де UFC клеткасындағы дебюттік жекпе-жек болмақ.

UFC мен M-1 Global арасындағы бірлестіктің нәтижесінде Дамир Исмағұловпен қатар басқа да ресейлік сарбаздар әлемдегі ең үздік промоушенде бақ сынауға мүмкіндік алғанын айта кеткеніміз дұрыс болар. Осы күз кезекті турнирін Мәскеуде өткізген әйгілі ұйым, Ресей аумағын бір шолып, ұзақ мерзімді жоспарларына қатысты ой түйіп қайтқан. Алғашқы да осы турнирдің ортасынан Дамирді де көретін болғанбыз, бірақ ер мінезді қандасымызға сол жолы орын тимеді. Оның мән-жайы бізге белгісіз. Қазақ «Ештен кеш жақсы» демекші, Дамирді алыстағы Аустралияның дәмі тартып тұрған-ау, сірә.

Пікір жазыңыз