Қорамсаққа қол салды

Садақ ату спортынан Қазақстанның  кезекті чемпионаты аяқталды. Бір аптаға созылған биылғы жарыста еліміздің шартарабынан 200-ге жуық үміткер қатысты, деп хабарлайды SportX.

Садақ ату— мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері — жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кірген. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет. Бүгінгі күні садақ ату спорты140 елде дамып отыр.

Қазақ халқы ғасырлар бойы күні кешеге дейін жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған. Сондықтан садақ ату- қазақтың қанына жақын спорт. Кезінде құралайды көзге атқан мергендер ең сыйлы адамдар болды. Бүгінгі садақ ату спорты қазақ елінде 1967 жылдан бастап кең тарай бастады. Спорттың осы түріндегі тырнақ алды жеңістеріміз Александр Кислицынның есімімен байланысты.Кислицын КСРО ның бірнеше дүркін чемпионы және КСРО кубогының (19791981ж.) иегері.

Шымбайға батса да шындықты айтқанымыз дұрыс болар. Көп жылдар бойы қазақ жастары арасында спорттың осы түріне деген қызығушылық тым төмен болып келді. Бұл сөзімізді  бүгінгі олимпиадалық ойындар бағдарламасына енген садақ спортына қатысты айтып отырмыз.Тек соңғы жылдары қолына садақ алған қаракөз жастарымыздың қатары көбейе бастады. Олардың аяқ-алыстары да жаман емес. Былтыр Қытайдың Шанхай қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет бас бәйгенің иегері атанды. Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ойбек Сайдиев  үштігі ақтық сында 5:3 есебімен Оңтүстік Корея құрамасын қапы қалдырды.

23-маусым күні басталған ел чемпионатына келсек, жыл санап спортшылардың шеберлік деңгейлері өсіп келе жатқаны байқалады. Астана төрінде бас қосқан мергендер бірнеше жаттығулар бойынша ел чемпионатының жүлделерін өзара сарапқа салды.

АСТАНА. Ел чемпионаты. 

Классикалық садақ ату, әйелдер:1. Ф. Тукебаева 2. А. Баннова 3. Л. Сайдиева Классикалық садақ ату, жасөспірім қыздар: 1. Ильясова 2. О. Игібаева 3.Воропаева Шығыр садақ ату, жасөспірімдер: 1. Коряк 2. Сағындықов 3. Сорокин Шығыр садақ ату, әйелдер: 1. Дударева 2. Лян 3. Жексенбинова Шығыр садақ ату, жасөспірім қыздар: 1. Юнусова 2. А. Амангелді 3. А. Ефанова Классикалық садақ ату. Командалық сын. Ерлер: 1. Алматы облысы 2. Оңтүстік Қазақстан облысы 3. Батыс Қазақстан облысы Классикалық садақ ату, микст: 1. И. Абдуллин, Ф.Тукебаева (Алматы обл) 2. Л. Сайдиева, Ф. Гульматов (ОҚО) 3. А. Баннова, С, Нұғман (БҚО) Шығыр садақ ату. Командалық сын. Ерлер: 1. Алматы облысы (С. Христич, А. Ганькин, Н. Ыбыраев, С. Нысанбаев) 2. Алматы қаласы (П. Фишер, А. Лобанов, Ю.Литвинов) 3. ОҚО (Р. Қарабаев, Е. Мусабеков, Ж. Бектұрсын, Б. Мырзаметов)

 

 

  

Пікір жазыңыз