Қолда тұрған алтыннан айырылып қалды (ВИДЕО)

Қазақстандық еркін күрес шеберлері үшін әлем чемпионатының алтыны арманға айналды. Күрес түрлерінен Будапештте өтіп жатқан әлемдік додада Нұрислам Санаев бауырымыз алтынға бір табан жетпей сүрінді, деп хабарлайды SportX.kz.

57 келі салмақ дәрежесінде белдескен Санаев ақтық сынға өткенде қуанышымызда шек болмаған. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі финалға дейін қарсы келгендерді шыдатпады. Сол сәт ішінен тынған исі қазақтың жүрегінде үміт оты жарқ еткені рас. Жылдар бойы аңсап келген алтын жүлденің төбесі жылт еткендей болған.

Әйгілі венгр боксшысы Ласло Папптың есімімен аталатын спорт кешеніндегі ақтық белдесулер басталып та кетті. Міне, кезек қазақ батырына да келіп жетті. Боз кілемге бет алған Нұрисламның жүзі бал-бұл жанады. Өзін іштей қайрап келе жатқаны анық. Бүкіл исі қазақ жолына қарап отырғанын ол да жақсы сезеді. Ақтық сын. Шынында да Нұрислам үшін нағыз жан берісіп, жан алысатын белдесу болайын деп  тұр.

Төреші ысқырығымен екі балуан бір-біріне тап берді. Қарсыласы өте әккі және жиған тергені мол өте тәжірибелі балуан. Заур Угуевтің жартылай финалда әлем чемпионы жапониялық балуан Юки Такашихиді тақтан тайдырғаны есімізде. Бір қарағанда Ресейдің үкілеп қсқан дүлдүлі боз кілемге тас түйін боп шыққан қазақтан сескенетін сияқты көрінеді. Осылайша алғашқы минуттар алға жылжыған тұста лып етіп аяққа өтіп кеткен Угуев екі ұпай алып үлгерді. Қапы қалған Нұрислам асып саспады. Керісінше қамшыны баса түскен  балуанымыз сәті келгенде дәл осындай әдіспен жауап қайтарып, таразы басын теңестіріп алды. Бұл кезде тырсылдаған сағат тілі де біраз жерге барып қалған. Екі мықты бір-біріне алдырар емес. Екеуі де сақ қимылдап, қателікке бой алдырмауды ойлап жүр. Кездесудің екінші бөлігі белортасынан ауғанда шалт қимылмен Заурды белінен қапсыра құшақтаған Нұрислам оны төрттағандатуға сәл ғана қалған. Алайда тізерлемеу үшін аяқтарын екі жаққа созған Заур, сол сәт сіңірін тартып алып, боз кілемде кіші-гірім үзіліс орын алды. Әттең-ай, осы эпизодта бір ұпайды іліп кеткенде сары уайымға айналған сары алтын қазақ қоржынынан табылар ма еді. Әзірге таразы басы тең. Қайта ұстасты. Нұрисламға шыдау керек, соңғы секундтар….. Бір кезде төрешінің ысқырығы шыр ете қалды.Осы ысқырықтың үнімен қолда тұрған алтынның сусып бара жатқанын білмеппіз. Нұрисламға ескерту беріп, оның қарсыласына бір ұпайды ұстата салған төрешінің қылығы төбемізге жай түскендей әсер етті. Бұл кезде кездесудің аяқталуына бары-жоғы 13 секунд қалған. Бәрі, кеш….

Есеп-4:3. Угуев әлем чемпионы. Қазақтың үміт артқан балуаны ауылға күміс арқалап қайтады. Еркін күрестегі тұңғыш чемпионымызды, құдай қаласа Венгриядан қайтқан ұшақтан тосып алармыз деген үмітіміз орындалмады.

.Құдай қаласа, спорт түрлерінен әлемнің 2019-жылғы чемпионаты Астана төрінде өтеді. Мүмкін, Астана боз кілемі құт мекенге айналып, балуандарымыз планетамыздың чемпион атанып жатса, қанеки.

Пікір жазыңыз