«Қазақ батыры»

Астанада грэпплингтен тұңғыш рет республикалық «Қазақ батыры» турнирі өтті. Қазақстан грэпплинг федерациясы ұйымдастырған жарыс жеңімпаздары, әлем чемпионатында ел намысын жыртатын болады, деп хабарлайды SportX.kz.

Алдымен «Қазақ батыры» турнирінің форматына тоқталып кетелік. Республикалық турнирдің  финалдық додасына аймақтық іріктеу жарыстарынан озып шыққан дүлдүлдер ғана қатыса алады. Яғни жер-жерлерде өткен жарыс нәтижесі бойынша әр облыстың құрамасы анықталып, одан әрі Астана төрінде бас бәйгені сарапқа салады. Сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен грэпплинг шеберлерінің алғашқы финалы Астанаға сән беріп тұрған Есіл жағасындағы амфитеатрда өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Нариман Мыңбаев, Айбар Оразалы, Данияр Кәріпжанов, Қажығали Төлешов, Бақдәулет Абызов, Сәулет Әбусалықов өз салмақ дәрежелері бойынша тұңғыш рет өткізілген дүбірлі доданың бас бәйгесін еншіледі. Қыздар арасындағы бәсекелерде Алматы мен Астана және Ақтөбе облысының спортшыларын атап кетуге болады. «Қазақ батыры» атағына лайық өнер көрсеткен грэпплинг шеберлерін алда үлкен сынақ күтіп тұр. Олар қыркүйек айында Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Пікір жазыңыз