«Қазақ батыры»-чемпионаты

Қазақстан грэпплинг федерациясы Астанада ерекше жарыс өткізгелі отыр.Тұңғыш рет жалауын көтеретін доданың атауы да өзгеше. Ұйымдастыру комитеті «Қазақ батыры» аталатын турнирді, Есіл жағасындағы амфитеатрда өткізгенді жөн санапты, деп хабарлайды SportX.kz.

Алыстан көз тартатын һәм Астанаға ерекше сән беріп тұрған Есіл жағалауындағы амфитеатр, пайдалануға берілген кезден бастап түрлі мәдени шаралардың орталығына айналып үлгерді. Дегенмен өзіндік архитектуралық үлігде салынған амфитеатрда бұған дейін спорттық шаралар өткізілмеген. Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін «Қазақ  батыры» турнирі ерекше шоу болайын деп тұр. ҚР Грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин, ашық аспан аясындағы жарыс қызықты һәм көпшіліктің көңілінен шығуы үшін оның форматына ерекше мән берілгенін айтады.

Спорттың осы түрінен өзіміздің батырларды анықтайтын турнир 18-19 тамыз күндері өтеді. Жарысқа еліміздің шартарабынан 100-ден астам үміткерлер бақ сынауға ниет білдіріпті. Болашақта дәстүрлі додаға айналатын турнирде топ жарғандар алдағы әлем чемпионатында ел атынан сынға түсетін болады.

Грэпплинг –  әскери өнер, мұндағы бәсеке негізінен партерде өтеді. Күрестің бұл түрі — самбо, дзюдо, еркін күрес және бразилиялық джиу-джитсу негізінде пайда болған. Гэпплингте қара күштен бұрын спортшының шеберлігі яғни техникалық арсеналы шешуші мәнге ие.

Пікір жазыңыз