«Қайраттың»ойыны қарын аштырды

Еуропа лигасының үшінші іріктеу раунды аясындағы алғашқы матч «Қайрат» үшін сәтсіз аяқталды. Алматылықтар сырт алаңда 0:2 есебімен чехиялық «Сигма» клубынан жеңіліс тапты, деп хабарлайды SportX.kz.  

Кездесуді ширақ бастаған алаң иелері көп кешікпей есеп ашты. Сағат тілі матчтың 21- минутын көрсеткен тұста «Сигманың» жартылай қорғаушысы Мартин Сладки «Қайраттың» қақпасын дәл көздеді. Сөздің шыны, біздің футболшылар жарытқан жоқ. Олардың алаңдағы іс-әрекеті мен қимылдары ойын деп айтуға келмейді. Команда емес, ойдан-қырдан жиналған қара тобыр сияқты. Қарап отырып қарның ашады. Олардың қарсыласы «Сигма» деңгейі жоғары мақтауға тұрарлық команда болса жөн басқа. Чехияның былтырғы чемпионатында төртінші орынды қанағат қылған «Сигманы» Еуропадағы ортаңқол клубтардың қатарына  жатқызудың өзі қисынсыз. Жалпы жекелген ойын сәттерінде  футболшылардың техникалық шеберлігі көзге ұрынып тұрады. Кешегі матчта «Қайрат» сапында ондай ойыншылар мүлдем жоқ сияқты көрінді.

Кездесудің 50-минутында алаң иелерінің сұрмергені Вацлав Пиларж, Алматыдан барған қонақтарды тағы да ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Матч барысында екі бірдей футболшымыздың ойыннан қуылғаны, бүгінгі жеңіліске себеп бола алмайды. Екіншіден олай деп ақталатын жөндері жоқ.

Екі клуб арасындағы қарымта матч 16- тамыз күні Алматыда өтеді.

 

Пікір жазыңыз