Өзімізге де оларға да гол салып, маңызды жеңіске ие болдық (ВИДЕО)

«Астана» өз алаңында чехиялық «Яблонецтен» басым түсті. «Астана Аренадағы» бәсеке 2:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Еуропа лигасының кезекті ойын күні астаналықтар өз жанкүйерлерін бір қуантып тастады. К тобындағы төртінші турдың ойыны екі команда үшін де өте маңызды болғанын айта кетейік. Мақсаттың үдесінен шығу үшін аянып қалмаған алаң иелері кездесудің 19- минутында  қонақтарды ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Бұл эпизодта көлденең жеткен допты жақын жерден қақпаға дәл бағыттаған Педро Энрике көзге түсті. Үзіліске санаулы минуттар қалғанда «Яблонецтің» бұрыштан шығарған добы жол-жөнекей Бақтиер Зайнутдиновқа тиген бойы қақпада домалап қала берді. Қарсы қақпаны нысанаға алып жүретін Бақтиер бұл жолы өз қақпашысын қапы қалдырып, автоголдың иесі атанды. Дегенмен ойын соңына таман шабуылды үдеткен алаң иелері Евгений Постниковтың тамаша голымен бірге бүгінгі бәсекеге нүкте қойды. Қорытынды есеп-2:1.

Бүгінгі жеңістен кейін есебіне 8 ұпай жазған «Астана» өз тобында бірінші орында келеді. Осы күні Киевтің «Динамосы» өз алаңында 3:1 есебімен «Реннді» ұтты. Украйналық клубтың еншісінде де 8 ұпай, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша астаналықтар турнир кестесінде алда тұр.

К тобындағы ойындар 29- қараша күні жалғасын табады. Президенттік спорт клубы жүйесіне кіретін «Астана» өз алаңында «Динамоны», ал франциялық клуб «Яблонецке» қонаққа барады.

Астана (Қазақстан) — Яблонец (Чехия) — 2:1 (1:1).

Голы: Педро Энрике, 18 (1:0). Зайнутдинов, 41 — автогол (1:1). Постников, 88 (2:1).

Бас демеуші -«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

 

 

Пікір жазыңыз