Олимпиада жүлдесі Ашхабатта табысталды

Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов осы күндері Ашхабатта өтіп жатқан әлем чемпионатында жақсы қырынан көріне алмады. Дегенмен жерлесіміз сый-сияпатсыз қалған жоқ. Түрікменстан астанасында Дениске осыдан екі жыл бұрынғы Рио олимпиадасының қола жүлдесі табысталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Араға екі жыл салып мәртебелі ойындардың қола медалы өз иесін тапты. Рио төрінде 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Денис Уланов қос жаттығу қорытындысы бойынша төртінші орыннан табылған. Осы салмақта үшінші орын алған румын Габриэль Синкраян біздің Дениспен бірдей нәтиже көрсеткен болатын. Алайда румынның салмағы Улановтан жеңілірек шығып, Рио олимпиадасының қола жүлдесі Бухарестке жол тартқан.

Дегенмен Синкраянның олимпиадалық ойындар кезінде тапсырған допинг -тесті оң нәтиже бергені анықталды. Сөйтіп оның Риодағы көрсеткіші өз күшін жойып, қола жүлде Денис Улановқа табысталатыны белгілі болды. Міне, екі жыл күттірген сол жүлде шығысқазақстандық атлеттің қолына  Ашхабатта тиді. Жүлдені Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аянның өзі табыстады.

 

Пікір жазыңыз