Ойпырмай, Алексанин ширек финалда!

Қытайда семсерлесуден әлем чемпионаты жалғасуда. Жерлесіміз Дмитрий Алексанин шпагадан өткен сында әлемдік доданың ширек финалына жетіп жығылды, деп хабарлайды SportX.kz.

Сөздің расы, семсерлесу спортынан көкірек керіп мақтана алатын жағдайда емеспіз. Азия бойынша алсақ, жалпы көрініс жаман емес сияқты. Ал, әлем чемпионатына келсек, мұнда бәрі басқаша. Спортшымыздың бірі ширек финалға шыға қалса, балаша мәз болатынымыз содан. Осындай бір  көңіл көншітерлік нәтижеге  Дмитрий Алексанин қол жеткізді. Жерлесіміз Қытайда өтіп жатқан әлем чемпионатында ширек финалдан көріне алды. Дима жол-жөнекей Венгрия, Италия және Израйльден келген қарсыластарын ұтып, ширек сында француз Яник Борельмен семсерлесті. Азияның күміс жүлдегері франциялық дүлдүлдің алдына түсе алмады. Айналып келгенде дәл осы Яник Борель, шпагадан сынға түскен ерлер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 

Алғашқы раундта ресейлік Сергей Биданы ұтқан жерлесіміз Эльмир Әлімжанов, келесі кездесуде 2012-жылғы олимпиадалық ойындардың чемпионы Рубен Лимардомен күш байқасты. Өте тартысты өткен бәсеке бары-жоғы екі ұпай айырмашылығымен венесуэлалық семсершінің пайдасына шешілді. Не керек чемпионаттың ақтық сынында жерлестеріміздің алдын орап кеткен Лимардо мен Борельдің жолы түйісті. Бұл теке-тіресте франциялық семсерші үздік шықты. Чемпионаттың қола жүлделері — украйналық семсершілер Богдан Никишин мен Роман Свичкарьға бұйырыпты.

Біздің семсершілерден ең жоғары нәтиже көрсеткен Алексанин чемпионатты алтыншы орынмен аяқтаса, Эльмир Әлімжанов 28- сатыдан табылды. Алғашқы іріктеу раундында мүлт кеткен Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаймовты қорытынды тізімнен іздеп жатудың өзі қисынсыз сияқты.

 

Пікір жазыңыз