Надежда — үмітті ақтады (ВИДЕО)

 Қазақстан азаматтығын алған ауыр атлеттер Ашхабаттағы әлем чемпионатында ел қоржынына екінші  медальды салып берді. Бұл жолы 71 келі салмақта үшінші нәтиже көрсеткен экс-ресейлік Надежда Лихачева ерекшеленді, деп хабарлайды SportX.kz.

Жұлқи көтеруде 112 келіні басынан асырған Надежда, зілтемірді серпу әдісімен бағындыруда 130 келімен шектелді. Қос жаттығуды қосқанда 242 келі салмақты еңсерген жерлесіміз ӘЧ қола жүлдесін иеленді.

Бұл салмақта әлем рекордын жаңартқан қытайлық атлет (267 келі) алтын медальдың иесі атанды. Үздік үштікті мысырлық спортшы түйіндеді.

Ашхабаттағы чемпионаттың алғашқы жүлдесін ел қоржынына қытайлық «жаңа қазағымыз» Арли Чонтей салып бергенін естеріңізге сала кетейік.

Ауыр атлетикадан еліміз егемендік алған тұстан бері жеткен жетістіктеріміз аз емес. Не керек  ауыр атлетика қазақтың жамбасына оң келді. Бірақ осы жерде бір «но» бар. Мүмкін қазақ емес Қазақстанға қоныс аударған «жаңа қазақтардың» жамбасына оң келді десек дұрыс шығар. Өйткені әлемдік форумдарда көк туымызды шырқатып жүргендер солар. Осы мәселе бойынша толық мағұлмат алғыңыз келсе, статистикаға жүгініңіз. Мысалы, былтыр ғана көрші Ресейден төрт бірдей атлет Қазақстанға қоныс аударған. Оларға өз елінде «бесперспективный» деген айдар тағылып, жылы жер іздеген қашқындар көрінгенге құшағын айқара ашып қарсы алатын Қазақстанның азаматы атанып шыға келді. Бірақ солардың біреуі біздің керегімізге жарапты. Ол- Надежда Лихачева. Надежда Ашхабатта атына сайы өнер көрсетіп ел үмітін ақтады.

Надежда Лихачева 1995-жылы Бугульма (Татарстан, Ресей) қаласында дүниеге келген. 2012-жылғы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса,  2013-жылы Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Алматыда (2014 жыл) әлем чемпионатына қатысып, 10- нәтиже көрсеткен.

 

Пікір жазыңыз