ММА: Самбошы Санжар жеңілмеген грузинмен төбелеседі

Әуесқой аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Санжар Әділов 25- тамыз күні M1 Global аясындағы алғашқы кездесуін өткізеді, деп хабарлайды SportX.kz.

Кәсіпқой сарбаз ретінде Әділов үш бәсеке өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен. Енді міне ресейлік промоушен M1 Global назарына ілігіпті. Санкт-Петербордағы «M-1 Арена» спорт кешенінде өтетін алдағы кеште қазақтың оғланына  өте қарулы һәм тәжірибелі грузин сарбазы Важа Цыптаури қарсы тұрмақ. Важа осы ұйымда өткізген үш кездесуде де қарсыластарына дес бермеген мықты. Бразилиялық джиу-джитсу шебері Фредеркио Гутцивиллер, болгар Дмитар Костов және талабы таудай қытайлық сайыпқыран Ху Лианг сынды сарбаздар Важаның алдында тізе бүгуге мәжбүр болған. Аса жеңіл салмақ категориясында бақ сынап жүрген грузиялық батырдың жекпе-жегін көргендер оның шын мәнінде өте күшті спортшы екеніне шүбә келтірмесі анық. Жалпы Важа октагонда бес кездесу өткізіп, тек бір рет жеңіліс тапқан. Цыптаури кикбоксингтен Грузия чемпионы, ал біздің Санжар әскери самбодан әлемдік доданың алтын жүлдесін иеленген. Сонымен аралас жекпе-жектен сынға түсетін самбошы мен кикбоксшының бәсекесін асыға күтетін боламыз.

 

Егер Санжар Әділов алдағы кездесуді өз пайдасына шешсе, ресейлік промоушенмен ұзақ мерзімді келісім шартқа қол қояды. Оның үстіне M1 Global жақында ғана әлемдегі ең ірі және үздік лига UFC екі жақты келісім шарт жасасты. ММА әлеміндегі ең үздік ұйыммен байланыс орнату сөз жоқ үлкен нәтиже. M1 Global өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіттері аз емес. Мысалы Арман Әшімов пен Сергей Морозов осы ұйымда сынға түсіп жүр.

Әзірге M1 Global аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпионы — Александр Доскальчук. Оның басты қарсыласы болып «Нокаутер» атанып жүрген  жерлесіміз  Арман Әшімов саналады. Кім біледі, күндердің күнінде лиганың осы категориядағы чемпиондық белбеуіне қазақтың қос батыры Санжар мен Арман таласып жатса қанеки!

 

Пікір жазыңыз