Хоккейден Қазақстан құрамасы Италияға есе жіберді

Шайбалы хоккейден еліміздің ұлттық құрмасы ӘЧ кезекті матчында Италияға есе жіберді, деп хабарлайды SportX.kz.

Будапешт мұз айдынында бірінші дивизионда өнер көрсететін құрамалар элитаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салуда. Үздіктер тобына жол ашатын турнирді жерлестеріміз сәтті-ақ бастаған. Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері алғашқы кездесуде алаң иелері қақпасына жауапсыз үш гол соқса, келесі бәсекеде 6:1 есебімен Ұлыбритания құрамасын ойсыратты. Дегенмен көпшілік қауым оның ішінде спорт мамандары Будапешт төріндегі басты бәсеке Италия мен Қазақстан арасында өрбиді деп күткен еді.

Чемпионаттың орталық матчы саналған бәсекедегі алғашқы шайба жанкүйерлерді көп күттірген жоқ. Кездесудің 6-минутында қақпаны дәл көздеген Армин Хелфер Италия құрамасын алға шығарды. Көп ұзамай-ақ сәті келгенде ептілік танытқан Диего Костнер таблодағы есепті еселей түсті.

Жеңіске деген жігерлік таныта алмаған жерлестеріміз үзілістен кейін де жарытқан жоқ. Есесіне екінші кезеңде тағы бір шайба тоғытқан италиялықтар, чемпионатағы басты қарсыластары саналған Қазақстан құрмасын шаң қаптырып кете барды.

Не керек бұл жолы апениндік хоккейшілер біздің құраманың адымын аштырмай 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бүгінгі ойынға нүкте қойған үшінші шайбаның авторы Шон Мак-Монагл. Қазақстан құрамасын алда тағы екі матч күтіп тұр. Соның бірінде Словенияны сынаққа алса, соңғы кездесуін Польша құрамасына қарсы өткізеді.

Пікір жазыңыз