Карина мен Жайна жайнап тұр (ВИДЕО)

Нью-Делиде (Үндістан) бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жақындап келеді. Боксшылардың алды елдеріне қайтып кетсе, енді бірі кем дегенде қола жүлдеге қол салып үлгерді, деп хабарлайды SportX.kz.

Ширек финалға шыққан бес боксшымыздың екеуі жартылай сынға өте алды. 51 келіде өнер көрсететін Жайна Шекербекова әлемдік долдаға жақсы дайындықпен келгенін байқатуда. Әзірге Жайна есімді боксшымыз қарсы келгендерді жайратып келеді. Ширек сында Шекербекова польшалық Сандра Драбикке дес бермеді.

60 келідегі үмітіміз Карина Ибрагимованың да аяқ-алысы жаман емес. Ақмолалық спортшы ширек финалда қытайлық Венлю Янгты ұтып чемпионаттың жартылай сынынан орын алдды. 81 келідегі Фариза Шолтай мен  Виктория Кебикава (Беларусь) арасындағы ширек финалдық жекпе-жектің нәтижесі біз күткендей шықпады. Бұл бәсекеде төрешілер минскілік боксшыны жеңімпаз деп таныды. Ал, Милана Сафронова (64 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) жарыс жолынан шығып қалды. Сафронова  ширек сында Мария Бовадан (Украина), ал Күнгейбаева Даниелла Перкинстен (АҚШ) ұтылды.

 

Пікір жазыңыз