Исі қазақ, Будапешттен алтын күтеді

Венгрияда күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасуда. Бүгін төрт салмақ категориялары бойынша финалдық белдесулер өтеді, деп хабарлайды SportX.kz.

Чемпионаттың алтын жүлдесіне таласатын мықтылар арасында қазақ балуаны да бар. Бүгін 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтетін финалдық сында бауырымыз Нұрислам Санаев ресейлік Заур Угуевпен күш сынасады. Бұл белдесуді иісі қазақ асыға күтетін рас.

Нұрислам алғашқы белдесуде 10:0 есебімен Джошуа Файлауганы (Самоа) бет қаратпай ұтты. Келесі бәсекеде дәл осындай есеппен украйналық Армен Аракелянды жарыстан шет қалдырса, ширек финалда түрік балуаны Сулейман Атлиді қапы қалдырды. Мұндағы есеп- 11:6. Жартылай сында біздің батырды америкалық тәжірибелі балуан Томас Гилман күтіп тұрды. Қарсыласының атағы мен даңқынан қаймықпаған Нұрислам боз кілемге желпініп шыққан Томасты 11:0 есебімен топ еткізді. Ақтық сынға аптықпай жеткен Санаевтың қарсыласы Заур Зугуевтің де екпіні күшті. Ресейлік балуан жартылай финалда әлем чемпионы жапониялық палуан Юки Такахашиді тақтан тайдырды. Ендеше ағайын, бүгін ел болып 27-жастағы Азия чемпионы Нұрислам Санаевтың тілеуін тілейтін боламыз.

Өйткені еркін күрестен қазақ жастары арасынан әлі күнге әлем чемпионы шықпаған. Грек-рим күресінен КСРО тұсында  Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков және Дәулет Тұрлықанов сынды балуандарымыз топ жарды. Оның ішінде Шәміл марқұм әлем чемпионатын бір емес екі мәрте ұтты. Содан еліміз өз алдына шаңырақ көтерген тұста, дәлірек айтсақ 1998-жылы тұғыр төріне грек -рим күресінің шебері Бахтияр Байсейітов көтеріліпті. Мүмкін жаратқан ием, қазақтың еркін күресте кеткен несібесін Будапешт боз кілеміне жазған шығар.

Мүмкін еркін күрестегі тұңғыш чемпионымызды, құдай қаласа Венгриядан қайтқан ұшақтан тосып алармыз. Бәрі мүмкін. Ең бастысы дүбірлі додаларда ел атынан сынға түсетін балуандардың бағы жансын деп тілейік.

Осы күні боз кілемге шыққан басқа жігіттеріміз алысқа бара алмады. 65 келідегі өкіліміз Дәулет Ниязбеков ә дегенде испаниялық балуанды алып ұрған. Алайда 1/8 сында Куба елінің мықтысына жол берді. 1/8 сында ресейлік Ахмед Гаджимагомедовпен белдескен жерлесіміз Бахтияр Ізбасаров (79 келі) 11:2 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. 92 келіде күрескен Нұрғали Нұрғайыпұлы да үміттің үдесінен шыға алмады. Нұрғали 1/8 финалда  моңғолдан жеңілді.

 

Пікір жазыңыз