Ильиннің шәкірті ауырды көтере алмады (ВИДЕО)

 Ашығын айтсақ, Рио олимпиадасының чемпионы, ұлттық құрманың бүгінгі лидері Нижат Рахимов, Ашхабатта өтіп жатқан әлем чемпионатында жүктелген міндеттің үдесінен шыға алмады. Жаңа салмақта бақ сынаған Нижат бары-жоғы сегізінші орынды місе қылды, деп хабарлайды SportX.kz.

55 келіде күміске лайық өнер көрсеткен Арли Чонтейдің жеңісті жолын Зульфия Чинчанло мен Нижат Рахимов жалғайды деп күткенбіз. Сөйтсек, біздің олимпиониктер әзірге жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын болмай шықты.

Туған елі Әзербайжаннан ат-тонын ала қашқан жылы, Рио төрінде топ жарған Нижат қазақты бір желпінтіп тастаған. Әдетте, өзге елден қоныс аударған спортшылардан сұраныс қашан да жоғары. Олар мұны жақсы түсінеді. Бірақ ә дегенде  жылт етіп, одан әрі былықтары шығып жататын «жаңа қазақтарда» кездесіп тұрады. Дегенмен Нижат ондайлардың қатарынан емес деп сенгеніміз дұрыс шығар.

Чемпиондық атақ-даңқына 77 келіде қол жеткізген Нижат Түркменстан астанасында 73 келі яғни жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынап көрді. Жұлқи көтеруде 147 келіні бағындырса, екінші жаттығуда үшінші нәтиже көрсетті. Қоссайыс нәтижесі бойынша 337 келі көтерген жерлесіміз айналып келгенде 13- орыннан табылды. Бұл салмақта қытайлық Ши Чжиюн — 360 (164+196) топ жарса, чемпионаттың күміс жүлдесін «В» тобында бақ сынаған оңтүстік кореялық атлет Вон Джон Сик иемденді. Беларусь Вадим Лихарад Ашхабаттан қола медаль арқалап қайтты.

Не керек әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин баптап қосқан ауыр атлетіміз бұл жолы әлем және олимпиада чемпионы деген атағына сай өнер көрсете алмады. Ия, Нижатты Ашхабаттағы жарысқа басқа біреу емес, атағы жер жарған дәуіміз Ильин дайындағаны рас. Өзі додаға түспеген соң командалас досының аты озғанын қалаған шығар. Бірақ бірі бапкер, бірі шәкірт болып тізе қосқан «чемпиондар тандемі» алғашқы сыннан мүлт кетті.

 

Пікір жазыңыз