Ильиннің ертеңі бұлыңғыр (ВИДЕО)

Олимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы Илья Ильин Ашхабаттағы әлем чемпионатында сынға түспейді, деп хабарлайды SportX.kz.

Допингілік дау-дамайға байланысты екі жылға жарыстардан шеттетілген атақты ауыр атлет, айып мерзімі аяқталып, жаттығуға қайта кіріскенде ел болып қуанғанбыз. Ә дегеннен ел чемпионатына қатысып, өз салмағында өзгелерді шаң қаптырып та үлгерген. Осы бетінен қайтпаса, әйгілі атлетті Ашхабаттағы әлем чемпионаты, одан қалса Токио олимпиадасының қайнаған ортасынан көреміз деп желпінгенбіз. Сөйтсек, уақыттың алдына түсіп кеткенге ұқсаймыз.

Түрікменстан астанасындағы әлем чемпионаты жақын қалғанда сүйікті спортшымыздың жарысқа қатыспайтынын естідік. Спортшының ескі жарақаты сыр беріпті. Сайысқа түспегенімен Илья Ашхабатқа жиналып отыр. Ондағы мақсаты командалас әріптесі Нижат Рахимовқа жәрдем беріп, көмекші -жаттықтырушы ретінде өз тәжірибесімен бөліспек.

Пікір жазыңыз