Грек-римнен үш алтын, ал еркін күрестен…….

Иранның бас шаһары Тегеранда күрестен жасөспірімдер арасында Азияның кезекті чемпионаты мәресіне жетті. Қазақтың жас өрендері байрақты додадан ұзын-саны он бес медаль еншіледі, деп хабарлайды SportX.kz.

Жас балуандарымыздың Тегеран боз кілеміндегі жетістіктері жаман емес. Қоржынымызға түскен он бес медальдың ішінен алтынның сыңғыры өзгеше естіледі. Әсіресе, тоғыз жүлде жеңіп алған  грек-рим күресі шеберлерінің өнерін атап кеткен жөн. Алдынан шыққандарды түгел жапырған Әлихан Далабай (48 келі), Әзіз Қасымов (57 келі) және 68 келіде белдескен Мәлік Жәлелов сынды палуандарымыз Азия чемпионы деген құрметті атаққа ие болды. Финалда сүрінген тағы алты үміткеріміз —Хамит Нәбиев (38 келі), Ислам Евлоев (44 келі), Мерей Маултеханов (52 келі) және Мәди Дәнелов (62 келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Ал Бағдат Сабаз (41 келі) бен  Абай Серікқазыұлының (85 келі) еншісінде Азияның қола жүлдесі.

Еркін күрес шеберлері арасында алтын алғандар жоқ. Дегенмен үш палуанымыз —Әскербек Дарын (38 келі), Нұрланбек Әбдінұр (48 келі) және Эмиль Әмірханов (52 кг) екінші орыннан табылса, Еламан Амангелді (41 келі), Ілияс Ерболатов (62 кг) және Әділ Жақсыбаев (68 келі) Тегераннан қола медаль олжалап қайтты.

 

Пікір жазыңыз