Грек-рим күресінің болашағы жарқын

Бұл күндері Үнді елінің астанасы Нью-Делиде жастар арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты жалғасуда. Кезекті жарыс күні қазақстандық грек-рим күресінің балуандары қос алтын және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды SportX.kz.

Азия додасы басталған күні жас палуандарымыз ел қоржынына  төрт қола медаль салып берген еді. Бірақ  қолаға көңілі көншімей жүрген қазақ жанкүйерлері, Нью-Дели боз кілемінде грек-рим палуандарынан алтын күткен. Жанкүйерлердің тілегі жерде қалмапты. Бірінші жарыс күні төрт бірдей өреніміздің қола жүлдеге қол салуы, үлкен жетістіктің алды екен. Азия чемпионатына тыңғылықты дайындықпен келген жас тарландар, келесі күні боз кілемнің шаңын қақты.Төрт қола жатқан қоржынды қос алтынмен байытып, сыңғыры бөлек асыл тас көңілді бір көтеріп тастады. Айтқандай-ақ екінші жарыс күні боз кілемге шыққан грек -рим күресінің балуандары намысты қолдан бермеді.  Алтынмен апталған балуандардың белдесулеріне келсек, 60 келіде бақ сынаған Ғалым Қабдунасаров ақтық сында 10:2 есебімен ирандық Али Реза Неджатиді тізе бүктірді. Ғалымның жеңісті жолын 67 келіде күрескен Мерей Бекенов жалғастырды. Мерей финалдық кездесуде көрші қырғыз елінің айдарынан жел ескен тарланы Халмұрат Ибрагимовты 9:0 есебімен айқын ұтты.

82 келідегі үмітіміз Станислав Рыльскийдің еншісінде қола медаль.Стас өзімен үшінші орынға таласқан жапон балуаны Юдай Сасакиді 9:0  есебімен қапы қалдырды.

Нью-Дели боз кілемінде сарапқа түспеген медальдар топтамасы әзірге жетіп артылады. Алдағы күндері боз кілемдегі кезек  еркін және әйелдер күресі балуандарына өтеді.

 

Пікір жазыңыз