Ел чемпионаты қызып тұр

Жеңіл атлетикадан Алматыда өтіп жатқан ел чемпионатында фавориттер озып тұр. 200-метрлік дистанцияда еліміздің былтырғы чемпионы қарағандылық Владислав Григорьев топ жарды, деп хабарлайды SportX.kz.

Жиырма бірге енді толған Григорьев өзімен қатар шапқан тәжірибелі атлеттерді маңына да жуытпай мәре сызығын бірінші қиды. Екінші нәтиже көрсеткен Сергей Русак жеңімпаздан 0;70 сек, ал қола жүлде иегері Руслан Никитин бір жарым секундқа қалып қойды. Алғашқы жарыс күні 100-метрлік қашықтықта олжа салған Владислав осымен екі дүркін ел чемпионы атанып отыр.

Осы дистанцияда бақ сынаған әйелдер бәсекесінде ұлттық құрама лидері Виктория Зябкинаға тең келетін спринтер табылмады. Элина Михина екінші, ал еліміздің былтырғы чемпионы Ольга Сафронова үшінші орынды місе қылды.

110 метрлік дистанцияға кедергілер арқылы жүгірген әйелдер жарысы өте тартысты шықты. Мұндағы тайталас үнемі өзара бәскеге түсіп жүретін Әйгерім Шыназбекова мен үш бірдей олимпиадаға жолы түскен Анастасия Виноградова арасында өрбіді. Бұл теке-тіресте Ғұсман Қосанов мемориалының биылғы жеңімпазы Әйгерім Шыназбекованың жолы болды. Алматылық атлетке 0,18 секунд ұтылған Виноградова екінші, ал Роксана Оспанова тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.

Дәл осы жаттығудан сынға түскен ерлер арасында Давид Ефремовтің бағы жанды. Ерлер додасына енді ғана аяқ басқан жап- жас желаяқ, өзінен жиған тергені мол Вячеслав Земстің алдын орап кетті.

Сырықпен секіру секторында ең жоғары нәтиже көрсеткен 15-жасар Полина Иванова, кіші-гірім сенсация жасады. 3,80 м бағындырған Полина, бас командамыздың лидері Анастасия Ермакованы жарты жолда қалдырды. Ерлер додасында Данил Полянский ел чемпионы атанса, Никита Филиппов екінші, ал үшінші орынды Станислав Соловьев иеленді.

 

Пікір жазыңыз