Екінші орын алғандар жолдамалы болды

Бангкокта жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы олимпиадалық ойындардың іріктеу турнирі басталды. Жарыс шымылдығы ашылған күні қазақстандық атлеттер үш жолдама иеленді, деп хабарлайды SportX.kz.

Ел қоржынына алғашқы лицензияны 400 метрлік дистанцияда көзге түскен Ефим Тарасов салып берді. Алғашқы іріктеуден қиналмай өткен жерлесіміз финалда екінші нәтиже көрсетті. Бұл сында шри-ланкалық желаяқ топ жарды. Дәл осындай қашықтыққа жарысудан бақ сынаған бұрымды атлеттер бәсекесінде екінші орыннан табылған Александра Залюбовская да  олимпиада жолдамасынан құр қалған жоқ.

Еншімізге бұйырған үшінші жолдама Анастасия Глухареваның еншісінде. Үш қарғып секіру секторында қазақстандық спортшы екінші орынды иеленсе, турнирдің бас жүлдесін өзбекстандық атлет Роксана Худоярова жеңіп алды.

Осы күні жарыс жолына шыққан басқа атлеттеріміз лицензияға қол жеткізе алған жоқ.

 

Пікір жазыңыз