Дзюдошыларымыз Осакада осалдық танытты

Жапонияның Осака қаласында дзюдодан халықаралық «Гранд-слэм» турнирі өтіп жатыр. 60 және 66 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуандарымыз жүлдесіз қалды, деп хабарлайды SportX.kz.

Осы екі салмақта Қазақстан атынан төрт балуанымыз өнерлерін ортаға салған.Бірақ төртеуі де төрге  жетпей жығылды. Қазан айында өткен Абу-Дабидегі «Гранд-слэмнің» 60 келіге дейінгі салмақ категориясындағы  қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев ә дегеннен ресейлік Яго Абуладзеден ұтылып қалды. Осы салмақтағы белді дзюдошымыз Елдос Сметов алғашқы белдесуінде Мохана Бама (Непал) және моңғол Тогтохбаяра Магсардан басым түскен. Жартылай сында Елдосқа колмандалас әріптесі Қырғызбаевтың алдын орап кеткен Абуладзеге қарсы тұрды. Қазақстаннан келген екінші қазаққа да дес бермеген ресейлік балуан жарыстың келесі сатысына көтеріліп, біздің қос мықтымыз құр алақан қалды.

66 келіде өнер көрсеткен Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов та алысқа шаба алмады. Жұмақанов бірінші кездесуінде моңғол Баскух Йондонперенлеге есе жіберсе, Серікжанов ширек сынға жетіп жығылды. Алдымен Шен Тин Хуан (Тайбэй) және Мануэль Шейбельді (Германия) ұтқан Ерлан батырымыз  да моңғолдың мықтысы Йондонперенледен өте алмады.

Ресейлік Арам Григорянмен өткен жұбаныш белдесудің нәтижесі де біздің балуанның пайдасына шешілмеді.Осылайша биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегеріне Осакадағы «Гранд-слэмнің» жүлдесі бұйырмады

 

Пікір жазыңыз