Доп тебуден қыздарымыз озатын сияқты

Шымкенттік «БИІК-Казығурт» футбол клубы УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңін бірінші орынмен аяқтады. Қазақстандық бұрымды футболшылар өз тобындағы үш кездесуде де қарсыластарынан алда болды, деп хабарлайды SportX.kz.

Ригадағы алғашқы ойында шымкенттіктер 2:1 есебімен «Академия Элпидес Кардитсас» (Грекия) клубынан басым түсті. Келесі турдағы бәсекеде «Рига футбол мектебінің» (Латвия) футболшыларымен кездесті. Қарсылық көрсетіп жарытпаған алаң иелерін 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «БИІК-Казығурт», өз тобындағы соңғы матчта 2:0 есебімен «Ландхаустан» (Аустрия) басым түсті. Бұл ойында Гулнар Габелия мен Адуле Чарити көзге түсті.

Болгариялық маман Калоян Петков жаттықтырып жүрген «БИІК-Казығурттың» топтық раундтағы көрсеткіші көңілге қуаныш ұялатады. Жерлестеріміз үш кездесуде тоғыз гол салып, өздеріне бары-жоғы бір доп жіберіп алған.

1/16 финалдың жеребе тастау рәсімі 17- тамыз күні өтеді. Келесі яғни плей-офф кезеңіндегі ойын форматы екі матчтан тұрады. Алғашқы кездесулер қыркүйек айына жоспарланған.

Чемпиондар лигасының әйелдер командалары арасындағы ақтық матчы келесі жылдың 18- мамыры күні  Венгрия астанасы Будапешттегі «Ференцварош» стадионында өтеді.

 

Пікір жазыңыз