Дана Әбілда сегіз гол соқты

Әне-міне дегенше төрт жылда бір айналып келетін Азия ойындары басталып кетті. Гандболдан еліміздің ұлттық құрамасы өз тобындағы бірінші матчта Үндістанға дес бермеді, деп хабарлайды   SportX.kz.

Үндістанмен арадағы кездесуде еліміздің бас командасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп 36:19. Бұл матчта үнділердің қорғаныс шебі көретінді Дана Әбілдадан көрді. Қимылына көз ілеспеген Дана, үнді қақпашысын сегіз мәрте сан соқтырды. Осы бетінен қайтпаса, біздің Дана турнирдің сұрмергені атануы  ғажап емес. Дана Әбілдадан командалас құрбылары Ольга Танкина мен Валерия Караваева да қалыспады. Ольга өз еншісіне алты гол жазса, Валерия қарсы қақпаны бес рет дәл көздеген.

Дегенмен мақтануға әлі ерте. Үндістанды Азиядағы ортаңқол құрамалардың бірі деп айтуға болады. Ал, кезектегі қарсыластарымыз шетінен мықты. Қырсық шалғанда сары-құрлық лидерлері саналатын Қытай мен Оңтүстік Корея құрамалары біздің топтан табылыпты. Сондай-ақ  осы «А» тобына түскен Солтүстік Кореяны да есептен алып тастауға болмайды.16-тамыз күні Қытаймен өтетін матч жерлестеріміз үшін өте жауапты бәсеке болғалы түр. Осы күні Оңтүстік Корея мен Үндістан кездеседі.

«В» тобында- Тайланд, Жапония, Индонезия, Гонконг және Малайзия құрамалары өнер көрсетуде. Топтық ойындар 23- тамызға дейін жалғасады.

Пікір жазыңыз