Біздің балуандар қоладан құйылғандай

Нью-Делиде күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азияның кезекті чемпионаты басталды. Жарыс шымылдығы түрілген күні боз кілемде белдескен грек-рим күресі балуандары, ел қоржынына төрт қола салып берді, деп хабарлайды SportX.kz.

Біздің балуандарға қола медаль қолды болып кеткендей. Ересектер, жастар және жасөспірімдерімізге шейін қола медальдан тау үйіп жүр. Қай жарысқа бармасын, біздің шығатын биігіміз тұғырдың үшінші сатысы. Мүмкін мен асыра сілтеп жатқан болармын, олай болған күнде кешірім өтінем. Расында, қолаға да қола жетпеген күндеріміз болды. Дегенмен осы соңғы үш-төрт ай төңірегінде қазақ балуандары түрлі деңгейдегі ірі жарыстардың басын шалып қайтты. Жай барып қайтпай, қола медальдар сыңғыры құлақ тұндырды. Оған да тәубә. Биылғы жылы күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында еліміздің  ұлттық құрамасы ұзын-саны 17 медаль олжалап, командалық есепте төртінші орынға табан тіреді. Еншімізге бұйырған 17 жүлденің 11 қола медаль. Алтыннан да кенде қалған жоқпыз. Өз салмақтарында топ жарған балуандардың құрметіне еліміздің әнұраны төрт рет шырқалды.

Қош, Үндістанда өтіп жатқан жас балуандар бәсекесіне қайта оралсақ, бір күн ішінде төрт қола иеленген   грек-рим күресі өкілдерінің табысы айтуға тұрарлықтай. Мысалы былтырғы Азия чемпионатында жас балуандарымыз- (грек-рим және еркін күрес) 2 күміс, 3 қола иеленсе, әйелдер күресінен 1 алтын және 1 қола олжалапты. Осыған қарағанда биылғы көрсеткішіміз былтырғыдан жоғары болатындай көрінеді.  55 келі салмақта белдескен Алматы облысының түлегі Арслан Әбдірахманов кіші финалда жапониялық Хироми Катагириден басым түссе, 63 келі тартатын Тілек Әсембаев түркімен балуаны Сейдулла Тазаевтан алда болды. 87 келі салмақ дәрежесіндегі кіші финалда Санжар Темірбек қырғыз Медер Абыкевтен, ал 130 келіде бақ сынаған жерлесіміз Антон Савенко қытайлық қарсыласы Сяоан Лянгке  дес бермеді.

55 келі

  1. Пуя Мохаммад Насерпур (Иран).
  2. Вижай Вижай (Индия).
  3. Арслан Әбдірахманов (Қазақстан), Йонг Ву Чжон (Оңтүстік Корея).

63 келі

  1. Бахрам Тауар Маруфхани (Иран).
  2. Камол Кузиев (Өзбекстан).
  3. Элдияр Сатаров (Қырғызстан), Тілек Әсембаев (Қазақстан).

87 келі

  1. Мохаммадхади Сарави (Иран).
  2. Маймайти Кайсаер (Қытай).
  3. Санжар Темірбек (Қазақстан), Кумар Сунил (Индия).

130 келі

  1. Амин Мохаммадзаман Мирзадех (Иран).
  2. Аруан Панвар (Индия).
  3. Азмуддин Вахобов (Тәжікстан), Антон Савенко (Қазақстан).

Бүгін грек-рим күресінен қалған салмақтар бойынша Азия додасының чемпиондары анықталады. Күрестің осы түрінен Нью-Делиге аттанған Қазақстанның толық құрамы мынадай:

55 келі Арслан Әбдірахманов

60 келі Ғалым Қабдунасаров

63 келі Тілек Әсембаев

67 келі Мерей Бекенов

72 келі Диас Қален

77 келі Дәулет Жалғасов

82 келі Станислав Рыльский

87 келі Санжар Темирбек

97 келі Евгений Гарбузняк

130 келі Антон Савенко

Пікір жазыңыз