«БИІК-Қазығұртты» биыл биіктен көрейік

«БИІК Қазығұрт» футбол клубы бүгін-ертең Латвия астанасы Ригаға жол жүргелі отыр. Мұнда Шымкенттік бұрымды футболшылар чемпиондар лигасының біліктілік додасына қатысады, деп хабарлайды SportX.kz.

«БИІК Қазығұрт» чемпиондар лигасындағы сыралғы клубтардың бірі. Шымкенттік ұжымның мәртебелі доданың көрігін қыздырып жүргеніне біраз жылдың жүзі болып қалды. Былтыр үздіктер дивизионында өнер көрсетіп, жарыстың 1/8 кезеңіне жетіп жығылды. Соқыр жеребе біздің қыздарға Францияның он бес, чемпиондар лигасының сол кездегі төрт дүркін жеңімпазы «Лионды» тап қылып, бәсеке даңқы асып тұрған клубтың жеңісімен аяқталған.

Ригада біздің жерлестеріміз жетінші топта өнер көрсетеді. Бұл топты «БИІК Қазығұрт», «Академия Элпидес Кардитсас» (Грекия), «Рига футбол мектебі» (Латвия) және «Ландхаус» (Аустрия) клубтары құрапты. «БИІК Қазығұрт» өз тобындағы алғашқы ойынды 7- тамыз күні Грек елінің «Академия Элпидес Кардитсас» клубына қарсы өткізеді. 10-тамыз күні жергілікті құрбыларымен, ал 13-тамызда аустриялық клубпен күш байқасып көреді.

 

Пікір жазыңыз