Балуандарды баудай қырған (ВИДЕО)

Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айжан Исмағұлованың әйелдер күресінен еліміздің вице-президенті Гюзель Манюровадан көрген қорлығы жайлы видеоблок бүкіл желіні шулатты, деп хабарлайды SportX.kz.

Атам қазақтан сөз қалған ба? «Жаман үйді қонағы билейді» дейді. Біздің халықта «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген нақыл тағы бар. Мұның бәрі жетіскеннен айтылмаған. Көрмегенді көрген қазағым, ұрпағының келешегі үшін күресті. Бір кездері «Малым жанымының садағасы, жаным арымның садағасы» деп білетін бекзат ұлт болдық. Ал, қазір ше? Қазір бәрі басқаша. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда — қазан» демекші, заманына орай қазақтың дүниетанымы өзгерген. Шын мәнінде сіз-бен біз, адамзат баласы технологияға тәуелді болған заманда өмір сүріп жатырмыз. Жылдар алға жылжыған сайын адами қасиеттерге де көз жұмып қарайтын болып барамыз. Бәрінің ойлағаны-ақша. Қайтсе де мал тауып бала-шағасын асырау. Көшеде біреуді сабап жатсын немесе одан да сорақы оқиға орын алмасын, арлы-берлі ағылған қара нөпір тымырайып өз жөнімен кете беретін жағдайға жеттік.

Бірақ, балуан қарындасымыз Айжан Исмағұлованың жан-айғайы жанымызға қатты батты. Бұл енді таза масқара! Бізге сын!. Осындай жағдай орын алғанын күрестің басы-қасында жүрген атқамінерлер неге білмеген. Сол атқамінерлер бәрі тегіс қазақ азаматтары емес пе!

Ресейден құда түсіп алдырған Гюзель Манюрова, еліміздің білдей құрамасын билеп төстеп, ойына келгенін істеп жүргеніне алдымен өзіміз кінәлі. Қазақ еліне олимпиада жүлдесін алып бергені үшін оның алдында құрдай жорғалауымыз керек екен ғой. Жоқ, Гюзель ханым, сіз қатты қателесесіз. Айтшы, қазақтың қыздарын күйеуіңмен қосылып шашын тартып сабауға қалай ғана дәтің барды? Қазақтың ақшасына тойған соң, аяқты кеңге салайын  дегенсің-ау. Халқымның момындығын сен де сезгесін ау шамасы. Әйтпесе, мұндай озбырлыққа бару қайдан. Осылайша өзіңді ұстаз тұтып жүрген спортшыларға жасаған қиянатың спортқа жат дүние екенін білдің бе?.Қыруар қаржы жұмсап, шеттен маман немесе спортшы шақыру қазақ спортында үрдіске айналды. Олар бастарын сұғып алған соң, басымызға шығатын болып алды. Манюровадан басқалар да жетеді. Ендеше тиісті орындар Айжан Исмағұлованың мәлімдемесіне құлақ түріп, Манюроваға қатысты шешім қабылдар деген сенімдеміз.

Пікір жазыңыз