Азиада: Қазақ гулливерлері оңбай ұтылды

Баскетболдан еліміздің ұлттық құрамасы Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарын сәтсіз бастады. Топтық кезең аясындағы алғашқы ойында жерлестеріміз 59:96 есебімен Филиппиндер құрамасынан ойсырай ұтылды, деп хабарлайды SportX.kz.

Алғашқы екі кезең бойы ойын барысын толығымен бақылауға алған филиппиндіктер біздің гулливерлердің адымын аштырмай тастады. Нәтижесінде екі кезеңнен кейін 41:20 (16:9 және 25:11) есебімен алға шығып үлгерді. Матчтың үшінші бөлігінде ептеп есін жиған жерлестеріміз (23:20) өз ойындарын тапқандай болған. Бірақ шешуші кезеңде екінші демі ашылған филиппиндер таблодағы ұпай айырмашылығын одан әрі ұлғайтып, ірі есеппен жеңіске жетті.

Жеңімпаздар сапында Стэнли Прингл (18 ұпай) мен Кристиан Стендхардингер (15 ұпай) ерекше көзге түссе, біздің құрамадан ең көп ұпай жинаған Антон Быков (13 ұпай) болады.

Мұның алдында Қазақстан әйелдер құрама командасы да жеңіліп қалған болатын. Олар өз тобындағы бірінші бәсекеде Қытайлық Тайпэиге есе жіберді.

Пікір жазыңыз