Азиада: Мұстафа Өзтүрік, Арман Шылманов……..

Таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы Жазғы Азия ойындарына қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды SportX.kz.

Индонезиядағы жазғы ойындарда Қазақстан атынан он төрт таэквондошы бақ сынайды. Оның үшеуі —Руслан Жапаров, Жансель Дениз және Айнұр Есбергенова 2016-жылғы олимпиадалық ойындардың дәмін татқан тәжірибелі шеберлер. Сондай-ақ команда құрамына Елдос Ысқақ, Қазыбек Бахтиярұлы, Ерасыл Қайырбек, Нұрлан Мырзабаев, Фариза Алдоңғарова, Маржан Төлепбергенова және Ақсәуле Ерқасымова сынды таэквондо өнері майталмандары еніпті.

Сонымен қатар Руслан Манасбаев, Ерлан Нұрканов, Артем Шелков және Вячеслав Чен таэквондо жекпе-жегінің «пумсе» тармағы бойынша өз өнерлерін ортаға салады.

Таэквондо-корей халқының ұлттық спорты. Негізі сонау ежелгі замандардан бастау алатын таэквондо ХХ ғасырдан бастап күллі әлемге таралды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Корей таэквондо қауымдастығы 1965-жылы құрылып, 1973 жылы тұңғыш рет әлем чемпионаты өткізілді. Сол жылдардан бері ұзақ жолды жүріп өткен таэквондо 1988 жылы Сеул  олимпиадасының бағдарлмасына енді.

Корей жекпе-жегін қазақ жеріне алып келген —Мұстафа Өзтүрік. Елін, жерін аңсап келген Мұстафа Өзтүрік елімізде таэквондо спортының негізін қалап және жер-жерлерде өз мектебін ашты. Сол мектептерден шыққан өрендеріміз көп ұзамай  ірі турнирлерде топ жара бастады. Шүкір, Бейжің олимпиадасында атыраулық шеберіміз Арман Шылманов аса ауыр салмақ дәрежесінде қола жүледегер атанды. Бұл қазақ спорты тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Арман Шылманов  алған асу -әлі күнге спорттың осы түріндегі ең ірі жетістігіміз болып қалып отыр.

 

Пікір жазыңыз