Ауыр атлеттер Ашхабатқа жиналуда

1-қараша күні Түркменстан астанасы Ашхабатта ауыр атлетикадан 2018 жылғы әлем чемпионаты жалауын көтереді. Қазақстан құрамасы жауапты сын алдындағы соңғы оқу- жаттығу жиынын Шымкентте өткізеді, деп хабарлайды SportX.kz

Биылғы чемпионат Перудің бас қаласы Лимада өтетін болған. Бірақ ауыр атлеттер додасына арналған Сан — Исидора спорт орталығының құрылысы толық аяқталмауына байланысты Перу мемлекеті жарысты басқа елге тапсыруды өтінген. Көп кешікпей Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) алдағы  чемпионатты Ашхабатта өткізу жөнінде бірауыздан шешім қабылдады.

Ашхабат жоғары деңгейдегі спорттық форумдарды абыроймен атқарып, тиісті орындардан бағасын алып жүрген шаһар. Бұл сөзімізге  2017-жылғы Азия ойындары жақсы дәлел бола алады. Түркменстан астанасында ультразаманауи спорттық  инфрақұрылымдар жетеді. Сол спорттық ғимараттарды өз көзімен көріп қайтқандар әлі күнге таңдайларын қағып жүр. Ендеше, Ашхабат әлемдік доданы қабылдауға сақадай-сай дей беріңіз.

Өздеріңіз естіген боларсыздар, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының атқарушы комитеті соңғы конгрессте жаңа салмақ категорияларын бекітті.

Конгрессте 2022-жылы Токиода өтетін олимпиадалық ойындар бағдарламасына енген жеті салмақ дәрежелері де мақұлданды.

Бұдан былай  ерлер бәсекесіндегі жарыстар: 55, 61, 67, 73, 81, 89, 96, 102, 109 және 109 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтеді. Оның ішінде олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгендері- 61, 67, 73, 81, 96, 109  және 109+ келіден жоғары.

Әйелдер де он салмақтан  сынға түседі: 45, 49, 55, 59, 64, 71, 76, 81, 87  және 87+ келіден жоғары.Олимпиадалық ойындарда әйелдер- 49, 55, 59, 64, 76, 87 і және 87+ келіден жоғары салмақ  категориялары бойынша өнер көрсетеді.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстанға Ашхабадтағы лицензиялық әлем чемпионатына толық құрамымен қатысуына рұқсат берді.

Осымен 84-мәрте өткізілетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын ауыр атлеттер тізімі белгілі. Жарыс бағдарламасына жаңа салмақ категориялары енгендіктен алдын -ала болжам жасау ерте. Бірақ Ашхабаттағы чемпионаттың жоғары деңгейде өтетініне дау жоқ. Ұлттық құрама алдындағы басты мақсат -Токио олимпиадасына мейлінше көбірек ұпай жинау.

Әлемдік додаға қатысатын команда құрамы:

Ерлер: 

55 келі: Арлей Чонтей

67 келі: Фархад Харки

73 келі: Нижат Рахимов

81 келі: Айдар Қазов

89 келі: Денис Уланов

96 келі: Рустам Сыбай

102 келі: Илья Ильин

109 келі: Александр Зайчиков

109 келі: Ибрагим Берсанов

+109 келі: Ербол Сайлау

Әйелдер: 

55 келі: Зүлфия Чиншанло

59 келі: Сәуле Сәдуақасова

64 келі: Әсем Садықова

64 келі: Карина Горичева

71 келі: Надежда Лихачева

71 келі: Екатерина Столяренко

76 келі: Екатерина Быкова

87 келі: Раушан Мешітханова

+87 келі: Аида Мүптілда

+ 87 келі: Александра Аборнева

Пікір жазыңыз