«Астананың» жағдайы мәз емес (ВИДЕО)

Еуропа лигасының бесінші турында  «Астана» өз алаңында Киевтің «Динамосына» жол берді. «Астана Аренадағы» матч 0:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Осы ойынның жеңімпазы өз тобында бірінші орынды иеленіп, бірден плей-оффқа өтетін болған. Сондықтан да К тобында көш бастап келе жатқан лидерлердің бәсекесіне деген қызығушылық өте жоғары болды. Өз алаңында ойнаған «Астана» бүгінгі кездесудің фавориті саналған. Бірақ  жасыл алаңдағы ойын барысы керісінше болып шықты. Ә дегеннен астаналықтар екі бірдей оңтайлы сәтті бос жіберіп алды. Есесіне Киевтен ат терлетіп жеткен қонақтарымыз сәті келген тұста мүлт кетпей, таблодағы есепте алға шығып үлгерді. Әдемі басталған комбинацияны іле ала жөнелген Виктор Цыганковтың өкшесімен шығарып берген пасын ешбір кідірместен қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттаған Вербич алаң иелерін сан соқтырып кете барды. Бұдан кейін астаналықтар анық гол болатын тамаша мүмкіндіктен айырылып қалды. Кездесудің 41- минутында орын алған бұл эпизодта  Антонио Руаквина сол қанаттан Марин Томасовқа пас шығарған. Өз кезегінде Томасовтың айып алаңына әулете бағыттаған добы жападан жалғыз тұрған Мұртазаевтың аяғынан табылды. Бірақ мақтап жүрген Романымыз екі метр жерден қақпаны көздей алмай, аладоп айдалаға кетті. «Астана» бұдан кейін де шабуылды тоқтатпай, үнемі алға ұмтылумен болды. Бірақ бұл күні украйналық ұжымның қорғаныс шебі сыр бермеді. Қорытынды есеп- 0:1.

Сонымен 11 ұпай олжалаған «Динамо» плей-офф кезеңіне жол тартса, еліміздің чемпионы соңғы турдың нәтижесін күтетін болады. Осы топтағы екінші матчта «Яблонец» (Чехия) өз алаңында дәл осындай есеппен «Реннге» (Франция) есе жіберді. Чехиялық клубтың мүлт кеткені «Астананың» жағдайын қиындатып жібергені анық. Өйткені соңғы турдын ойынын Бабаянның шәкірттері «Реннің» алаңында өткізеді. Не керек плей-офф кезеңіне жол ашатын екінші жолдманың тағдыры Реннде шешіледі. 8 ұпай жинаған «Астанаға» алдағы матчта тең ойынның өзі жетіп жатыр. Ал  француздарға керегі тек жеңіс қана.

Бас демеуші — «Самұрық -Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз