«Астана» сырт алаңда тең ойнады (ВИДЕО)

Еуропа лигасы аясындағы топтық кезеңнің үшінші турында «Астана» Чехияда жергілікті «Яблонецпен» тең түсті. Яблонец- над-Нисоу қаласының «Стржельнице» стадионында өткен бәсеке 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Кездесудің 7- минутында алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Якуб Поважанец астаналықтарды ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Қарап қалмаған жерлестеріміз араға төрт минут салып таразы басын теңестірді. Бұл эпизодта «Астана» сапындағы конголық шабуылшы Жуниор Кабананга шығарған пасты бразилиялық хавбек Педро Энрике торға дөп түсірді.

Таблодағы осы нәтиже ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Үш кездесудің бірінде жеңіске жетіп, қалған екеуінде тең ойнаған «Астана»  еншісіндегі 5 ұпаймен әзірге өз тобында көш бастап тұр. Осы топтағы екінші матчта франциялық «Ренн» өз алаңында 1:2 есебімен Киевтің «Динамосынан» ұтылып қалды.

«Астана» футбол клубы осымен төртінші жыл қатарынан Еурокубоктық турнирлердің топтық кезеңінде бақ сынап отыр. Елордалық клуб өнер көрсететін К тобында Киевтің «Динамосы», франциялық «Ренн» және Чехияның «Яблонец» клубтары бар.

Төртінші турдың ойындары 8- қараша күні өтеді. «Астана» Президенттік спорт клубы жүйесіне кіретін «Астана» футбол клубы өз алаңында «Яблонецті», ал Киевте жергілікті «Динамо» франциялық «Реннді» қабылдайды.

 

Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз