Асау «Астананы» тұсаған Оралхан

Мерзімінен бұрын ел чемпионы атанып үлгерген «Астана» кешегі турдың ойынын Қарағандыда жергілікті «Шахтерге» қарсы өткізіп, ірі есеппен ұтылып қалды, деп хабарлайды SportX.kz.

Ойсырай ұтылған астаналық футболшылардың атына сын айтып, артық кетудің реті жоқ сияқты. Өйткені Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан «Астананың» негізгі құрамы алаңға шыққан жоқ. Сондықтан жаттықтырушылар штабы Қарағандыдағы матчта қосалқы құрамның яғни жастардың аяқ-алысын байқап көргенді жөн деп шешіпті. Ал, алаң иелеріне келсек, премьер лигадағы жылы орынды сақтап қалу үшін бүгінгі бәсекеде оларға жеңіс ауадай қажет еді.

Астаналық жастар ойынды жап-жақсы бастаған. Бірақ «Шахтердің» сыралғы футболшылары уақыт өте ойын тізгінін мықтап қолға алып, үзіліске дейін қонақтарды үш рет тордан допты алуға мәжбүр етті. Үш голды да Оралхан Өміртаев деген бауырымыз соқты.

Одан әрі қызығы қалмаған бәсекенің 85- минутында қонақтар Рамазан Кәрімовтің күшімен таблодағы есепті қысқарта алды. Көңіл жібітуге жараған жалғыз голмен тынышталған «Астананың» жастары үшін бүгінгі ойын жап-жақсы сабақ болғаны сөзсіз. Ал турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан «Шахтер» осы жеңістен соң 32 ұпаймен бір табан жоғары жылжыды.

 

«Шахтер» — «Астана» 3:1 (3:0).

Голдар: Өміртаев 21 (1:0), Өміртаев 26 (2:0), Өміртаев 38 (3:0), Кәрімов 85 (3:1)

;

Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз