Апайтөс балуанымыз өзбектен ұтылып қалды

Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындары күн санап қыза түсуде. Кезекті жарыс күні ел қоржыны 1 күміс және 14 қола медальмен толықты. Бір әттең-айы, бұл күні қазақ спортшыларына алтын жүлде бұйырмапты, деп хабарлайды SportX.kz

Осы күні грек-рим күресі балуандарынан алтын жүлде күткеніміз рас. Бірақ олардың арасынан алтынға лайық палуан шықпады. Жарысты сәтті бастаған Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тыналиев, ақтық сынға дейін индонезиялық Папанг Раманхани мен жапон Арата Сонадаға дес бермей ақтық сынға шыққан еді. Дегенмен аса ауыр салмақтағы беткеұстар балуанымыз финалдық белдесуде өзбек Мумиджан Абдуллаевтан ұтылып қалды. Осылайша Нұрмахан бауырымыз күміс медальды місе қылды. Егер осы жолы жеңіске жеткенде Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанып шыға келер еді.

Не керек Азия ойындарынан қазақ елі балуандары алғаш рет алтынсыз қалып қалып отыр. Жалпы Қазақстан делегациясы Азия ойындарына 1994-жылдан бері қатысып келеді. Алғаш жолымыз түскен Хиросимадағы ойындардан қазақ балуандары үш алтын еншілеп қайтқан. Еркін күрестен Мәулен Мамыров топ жарса, грек-рим балуандары арасында  Дәулет Тұрлыханов пен Юрий Мельниченко үздік шықты. Келесі ойындардан да балуандарымыз алтынсыз қалған емес. Бангккокта Бақтияр Байсейітов пен Сергей Матвиенко (грек-рим күресі) жеңімпаз атанса, Пусандағы Азиада боз кілемінде Әсет Иманбаев пен Георгий Цурцумияның (грек-рим күресі) жолы болған. 2006-жылы өткен ойындарға келсек, жалғыз алтынды ел қоржынына Роман Мелешин (Грек-рим күресі) салып берген есімізде. 2010 және 2014 жылғы Азия ойындары Нұрмахан Тыналиевтің ерлеген кезі болды. Ал Гуанчжоу төріндегі Азиададан еншімізге бұйырған жалғыз алтынды балуан қызымыз  Елена Шалыгина иеленді.

:Жалпы командалық есеп бойынша Қазақстан (1- 6-14) әзірге 12- орында. Бүгін Индонезиядағы Азия ойындарында  бірнеше медальдар тотпамасы сарапқа салынады.

.

 

Пікір жазыңыз