Алматыдағы желаяқтар жарысы

Жазғы Азиадаға кімдер барады? Жеңіл атлетикадан Алматыда өтіп жатқан ел чемпионаты осы мақсатты көздейді. 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден сынға түскен әйелдер жарысында Ольга Сафронова үздік шықты, деп хабарлайды SportX.kz.

Жарақатынан енді ғана айыққан Ольга Сафронованың бүгінгі жеңісін ерекше атап кеткен жөн. Жаңа чемпион финалдық бәсекеде өзімен қатар шапқан еліміздің беткеұстар желаяқтарын аса қиналмай-ақ басып озды.

Осы дистанциядан сынға түскен ерлер арасындағы жарыс тартысты шықты. Өзінің осы маусымдағы үздік нәтижесін көрсеткен Владислав Григорьев (10.41 сек) топ жарса, Сергей Русак (10.68) екінші, ал жүлделі үшінші орынды  Виталий Земс (10.72) пен Александр Каспер (10.74)  бөлісті.

400 метрге жарысқан әйелдер додасында ел чемпионы атағын Любовь Ушакова (55.41) жеңіп алды. Аделина Ахметова (56.64) күміспен күптелсе, қола жүлде Айдана Тұрсынның (56.91) еншісінде.

Михайл Литвинов (46.18) 400 метрге жарысқан жігіттер арасында алдына жан салмады. Мәреге оның соңын ала жеткен Андрей Соколов пен Сергей Зайков үздік үштікті түйіндеді.

 

Пікір жазыңыз