Алматы облысының балуандары жалпы есепте топ жарды

Шымкентте күрес түрлерінен кезекті ел чемпионаты жалауын түсірді.Еркін күрес балуандары арасында екі алтын, екі күміс және қос қола еншілеген Алматы облысының командасы жалпы есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды SportX.kz.

Әсіресе, жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Қуат Әміртаевтың, ересектер додасында алдына жан салмағаны қуантады. Талабы таудай жас балуан 61 келі салмақта үздік шықса, команда қоржынына түскен екінші алтын медлаль Жандос Исмайловтың (57 келі) еншісінде.

Командалық есепте екінші орынға ШҚО (2-1-1) табан тіреді. Олардың сапында ел чемпионы атағын Данияр Қайсанов (74келі) пен Олег Болтин (125 келі) жеңіп алды. Үздік үштікті Ақтөбе облысының (1-1-4) командасы түйіндеді.  Республикалық турнирде ақтөбеліктер сапында  алтын жүлдені Амандық Бакеев(70 келі) иеленді.

Қалған салмақ дәрежелерінде Сәкен Айтжанов (79 келі, Маңғыстау облысы),Нұрғали Нұрғайыпұлы (92келі,Павлодар облысы) және Алматы облысының өкілі Әділет Дауланбаев( 86 келі) үздік шықты.